57 қылмыстық істің жартысы сотқа жолданды

1872

Залал мөлшері – 1,1 млрд теңге, оның 208,8 млн теңгесі өндіріліп, 775,1 млн теңгенің мүлкіне тыйым салынған.

57 қылмыстық істің жартысы сотқа жолданды

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті жыл басынан бері 57 қылмыстық істі тіркеген. Бүгінде оның жартысы сотқа жолданыпты. Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің басшысы Рашид Темірбеков осы және өзге де жайларды ортаға салды.

"Аяқталған істер бойынша мемлекетке келген залал мөлшері 1,1 млрд теңге, оның 208,8 млн теңгесі өндіріліп, 775,1 млн теңгенің мүлкіне тыйым салынды", – деді Рашид Темірбеков.

Бюджет қаражатын ұрлау, салықтан жалтару, мұнайға байланысты заңсыз айналымдар, ойын бизнесі сияқты қылмыстармен күресетін тергеу қызметі биыл мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаражатты жымқырудың 8 дерегін анықтаған.

"Көлеңкелі" экономиканың салдарынан ірі көлемдегі қаржы көздері бақылаудан тыс қалып, мемлекеттің экономикасына үлкен қауіп төндіріп отыр. Бұл бағыттағы заңсыздықтың бірі – кәсіпкерлік нысандарының салықтан жалтаруы мен "қолма-қол ақша" алу мақсатында бухгалтерлік құжаттарда шаруашылық әрекеттерді көрсетпеуі.

"Мүліктік пайда алу мақсатында жеке кәсіпкерлік субъектісінің іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға, көрсетілмеген қызметтерге, тиеп-жөнелтілмеген тауарларға жалған шот-фактура жазуы. Қолма-қол ақша алуға қатысты осындай қылмыстармен күресу кәсіпкерлік субъектілерінің қызметтері бойынша ақпараттардың жабық болуына байланысты күрделі болып келеді", – деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу саласында, квазимемлекеттік секторда көлеңкелі айналым өте жоғары екен.

"Департаменттің "СТОП ОБНАЛ" шарасы аясында облыста 2017-2020 жылдар аралығында жалған шот-фактураларды жазу арқылы қыруар қаражатты қолма-қол айналымнан өткізген қылмыстық топ құрықталды. Келген залал 776 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ осындай қылмыстардың тағы 6-ы анықталды", – деді.

Ал мұнайға қатысты заңсыз айналымда 5 қылмыстық іс тіркеліп, 2 іс сотқа жолданыпты.

"Жақында Қызылорда қалалық №2 соты осындай бір қылмыстың жазасын тағайындады. Облыстағы мұнай компанияларымен келісімшарттар негізінде мұнай бассейндерін тазалау, мұнай қалдығын шығару және жою қызметтерімен шұғылданған азамат заңсыз әрекеттерге барған. Яғни мұнай бассейндерін тазалау және қалдықтарды жою үшін жасалған келісімдерді пайдаланып, өңделмеген мұнай өнімдерін қыздырып, оны тұндырғасын өнімнің тоннасын 110 мың теңгеден сатқан. Осындай әрекеттері үшін Қылмыстық кодексінің 197-бабы 3-бөлігімен, 218-бабы 1-бөлігімен 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді", – деді Р. Темірбеков.

Заңсыз ойын бизнесі бойынша 5 қылмыстық іс жүргізіліп, бүгінде 3-еуі сотқа жолданған. Олардан 82 монитор, 77 процессор, 40 телевизор, 8 кассалық аппарат, 31 терминал, 9 бейнежазғыш және 10 млн теңгеден аса қаражат тәркіленген.

Жалпы экономиканың өсуін тежейтін, инфляцияны жоғарылатып, бюджет тапшылығын туындататын осындай кедергілермен күресу қоғамның қашанда басты міндеті болмақ.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу