6 127 тұрғыны бар 5 елдімекен су астында қалды

818

14 елдімекеннен 31 606 тұрғын эвакуацияланды.

6 127 тұрғыны бар 5 елдімекен су астында қалды

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, Мақтарал ауданының 7 елдімекеніне су басу қаупі төніп тұр.

"2020 жылғы 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, секундына 120 текше метрлік су өткізу қауқары бар Орталық Бетпақдала коллекторынан секундына 180 текше метр су ақты. Салдарынан Мақтарал ауданының елдімекендеріне су келіп, төтенше жағдай орын алды. Бүгінгі таңда 31 606 тұрғын 14 елді мекеннен эвакуацияланды. Оның ішінде 6 127 тұрғыны бар 5 елдімекенді су толығымен басты. Бұл – Жеңіс, Жаңа Тұрмыс, Фердоуиси, Өрге бас және Достық елді мекендері", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс басшысының баяндауынша, Мырзакент, Ақ жол елдімекендеріне төнген қауіп сейілді. Тұрғындар үйлеріне оралды. 15 мың халқы бар Мырзакент елдімекеніне су жібермеудің барлық шаралары жүзеге асырылды. 

"Шұғыл түрде 2 мамырда Мақтарал ауданында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды. Жедел штаб құрылды. Апаттық құтқару жұмысын жүргізу үшін 986 адам, 190 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан 30 мотопомпа жеткізілді. Мұнан бөлек, Ұлттық ұланның әскери бөлімінен 413 әскери қызметші мен 37 техника тартылды. Қосымша Алматыдағы Ұлттық ұланның құтқару батальонынан 320 әскери қызметкер, 26 техника келді", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Оның сөзінше, Атакент кенті мен Мақтарал, Жамбыл ауылдық округтеріндегі мектептердің базасында 14 қабылдау-эвакуациялық пункті ұйымдастырылды. 

"Қабылдау-эвакуациялық пункттеріне 3 200 адам орналастырылды. Қалғандары туған-туыстарының үйлерінде. Қабылдау-эвакуациялық пункттері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Карантин жағдайында 120 медицина қызметкері азаматтарға көмек көрсетіп жатыр", – деді Ө.Шөкеев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу