6 айда қазақстандықтар БЖЗҚ-ға 812 млрд теңге аударған

1003

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе артық. 

6 айда қазақстандықтар БЖЗҚ-ға 812 млрд теңге аударған

2021 жылғы қаңтар-маусымда қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 811,8 млрд теңге аударған, деп хабарлайды inbusiness.kz БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

6 айда БЖЗҚ салымшылары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қорға көбірек қаражат аударған.

"Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша салымшылардың шоттарына жалпы көлемі 811,8 млрд теңге зейнетақы жарнасын аударған.
Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 286,8 млрд теңгеге немесе 55%-ға артық", - деп жазылған хабарламада.

1 шілдедегі мәлімет бойынша БЖЗҚ салымшыларының шоттарында 12,8 трлн теңге зейнетақы жинағы қалыптасқан. Бір жылда (2020 жылдың 1 шілдесінен осы жылдың 1 шілдесіне дейін) зейнетақы жинақтарының сомасы 992 млрд теңгеге немесе 8%-ға өскен.

"Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жинақталды. Оның мөлшері 12,4 трлн теңге (соңғы 12 айдағы өсім – 8%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 331,5 млрд теңге (өсім 18%), ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 1,8 млрд теңге болды", - деп жазылған хабарламада.

Жарналардың жалпы көлемінің 95,6%-ын БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша түсімдер. Олардың сомасы – 602,2 млрд теңге (соңғы 12 айдағы өсім 20%), МКЗЖ бойынша 27,3 млрд теңге (өсім 14%) түсті, ЕЗЖ бойынша 299 млн теңге (өсім 39%) аударылған.

"Зейнетақы жинақтарының айтарлықтай өсуі, салымшылардың салымынан бөлек, 2021 жылғы 1 қаңтар мен 1 шілде аралығында 753,3 млрд теңге болған таза инвестициялық табыстың есебінен жүзеге асты. Ол өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 39% немесе 210 млрд теңгеге артық", - деп жазылған хабарламада.

Ұлттық банктің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан 1 шілдеге дейін 6,1%, инфляция 4,6% болды.
Соңғы 12 айдағы кірістілік 12,1%, осы кезеңдегі инфляция 7,9% болды.

"2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны – 11,6 млн бірлік. Шоттардың ең көп саны міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылды, олардың саны – 10 907 549. Одан әрі МКЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар – 526 674, БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебінен қалыптасқан шоттар саны қазір 47 490 бірлікке тең", - деп жазылған хабарламада.

Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына 1,7 трлн-нан аса теңгеге төлем жасалды. 

"Төлемдердің 1,6 трлн теңге көлеміндегі басым бөлігі – біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ). Жас мөлшері бойынша төлемдер екінші орында – 46,8 млрд теңге. Одан әрі сақтандыру ұйымдарына аударымдар шамамен 37,7 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер 30,5 млрд теңге, Қазақстан аумағынан тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер 17,3 млрд теңге, жерлеуге берілген төлемдер 2,5 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер 1,1 млрд теңге болды", - деп жазылған хабарламада.

Кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) – 28 708 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы – 673 643 теңге.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу