65 млн теңге жұмсалатын конференция өтпейтін болды

1012

Аружан Сайын мемлекеттік органдардан бұл қаражатты Қазақстандағы балалардың шынайы қажеттілігіне бағыттауды сұрады.

65 млн теңге жұмсалатын конференция өтпейтін болды Фото: informburo.kz

ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайын 2019 жылдың 10-11 қазанында ұйымдастырылуға тиіс болған "Азия балаларға қамқор" конференциясының өтпейтінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бастамамды қолдағаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сондай-ақ Президент әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаевқа және Дархан Кәлетаевқа алғыс айтамын. Конференцияның күн тәртібін, мұндай шаралардың нәтижесін, сонымен бірге мемлекеттік бюджеттен оның өткізілуіне бөлінетін 65 156 000 теңге көлеміндегі қаражатты зерттей отырып, мұндай шараларды өткізу орынсыз деп есептеймін", – деп жазды Аружан Сайын Facebook-тегі парақшасында.

Оның түсіндіруінше, біріншіден, аталмыш шараның тек имидждік сипаты болған.

"Ал бізге қазіргі таңда балалардың шынайы проблемаларын шеше алатын нақты практикалық қадамдар керек. Президент Үкімет пен әкімдерге имидждік шараларды бірден қысқарту туралы тапсырма беріп, мемлекеттік шығын тек қарапайым азаматтардың мәселелерін шешуге тиіс екенін ескертті. Екіншіден, шараның бюджетін зерттей отырып (атап айтқанда, аталмыш шараға БҒМ 42 846 500 теңге, парламент сенаты 12 810 000 теңге, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 12 810 000 теңге және халықаралық желі жағынан ЮНИСЕФ-те ақша бөлетін болған) бұл шығынды беймезгіл әрі қажетсіз деп санаймын. Мәселен, бизнес-класспен ұшып келуге, қымбат отельдерде қондыруға, 300 адамға кешкі асқа (әр адамға 25 мың теңгеден), кофе-брейк секілділерге бюджеттен ақша жұмсалмақ болған", – дейді ол.

Аружан Сайын мемлекеттік органдардан бұл қаражатты Қазақстандағы балалардың шынайы қажеттілігіне бағыттауды сұрады.

"Ең бастысы, елімізде балалардың құқығы қорғалуға тиіс. Ол үшін нақты қадамдарды жасау керек. Халықаралық бірлестіктермен жұмыс жүргізе отырып, тәжірибені жұмыс режімінде алуға болады. Қаражатты шынайы мәселелерді шеше алатын шараларға жұмсаған абзал", – дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу