Семей қаласының тұрғыны екі баласына ұзақ уақыт алимент төлемегені үшін жауапқа тартылып, бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
38 жастағы ер адам 7 жылға жуық уақыт бойы екі кәмелетке толмаған баласына алимент төлеуден жалтарып келген.
Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Сонымен қатар оған алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлі түрде амбулаторлық ем қабылдау міндеттелген.
Сотталған азамат Семей қаласының Орталық ауданының пробация қызметіне есепке алынған. Алайда профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, ол белгіленген талаптарды бірнеше рет бұзған. Атап айтқанда, пробация қызметіне тіркелуге келмей, түнгі уақытта рұқсатсыз тұрғылықты жерінен кеткен.
Осыған байланысты сот бас бостандығын шектеу жазасын 11 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.
Сотталған ер адам өз сөзінде өткен өміріне өкініш білдіріп, отбасы мен балаларының сенімінен айырылғанын мойындады.
Пробация қызметінің мәліметінше, мұндай есепте тұрған азаматтарға қоғамнан оқшаулаусыз түзелуге мүмкіндік беріледі. Алайда жазаны өтеу талаптары жүйелі түрде бұзылған жағдайда, сот жазаны қатаңдату туралы шешім қабылдайды.