8 мың фильм, 125 ел және 2 млн доллар жүлде қоры: Алғашқы Astana AI Film Festival қалай өтті?

337

Қазақстанда алғаш рет Astana AI Film Festival өтіп, бірден әлемдік ауқымдағы шараға айналды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

8 мың фильм, 125 ел және 2 млн доллар жүлде қоры: Алғашқы Astana AI Film Festival қалай өтті? Фото: Astana AI Film Festival баспасөз қызметі

Астанада жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдер арасында өткен халықаралық Astana AI Film Festival 2026 фестивалінің жеңімпаздары анықталды.

Биыл байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түскен. Осылайша, фестиваль жасанды интеллект арқылы жасалған кино туындылары арасындағы ең ірі халықаралық байқаулардың біріне айналды.

Фестивальдің бас жүлдесін Латвиядан келген режиссер Николай Шестак "The First Honest Day" фильмі үшін иеленді. Оған Гран-при және 450 мың АҚШ доллары көлеміндегі жүлде табысталды.

Фильмде адамның іс-әрекеті оның сыртқы келбетіне әсер ететін ерекше әлем суреттеледі. Яғни адам жамандық жасаса, ажарынан айырылады, ал жақсылық жасаған сайын көркі арта түседі. Жеңімпаз жүлдені күтпегенін айтып, қаржыны жаңа фильмдер түсіруге жұмсауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Қазақстандық режиссер Мырзахан Жұмахан "It Was Just a Joke" комедиясы үшін "Үздік кейіпкер" номинациясын жеңіп алды. Фильмде ит пен оның иесінің ағасы арасындағы жанжал бір әзілден кейін басталып, оқиға күтпеген арнаға бұрылады. Автордың айтуынша, ол пранк пен әзілді ұнататындықтан, осы тақырыпта фильм түсіруге шешім қабылдаған.

Байқауда екінші орын мен 200 мың доллар Үндістанның "SITARA" фильміне берілді. Үшінші орынға Испанияның "Looking For Perseida" туындысы лайық деп танылып, авторларына 100 мың доллар табысталды.

Финалға мыңдаған өтінімнің ішінен 25 фильм ғана жолдама алды. Оларды халықаралық қазылар алқасы бағалады. Қазылар құрамында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одри Азуле мен инвестор Баладжи Сринивасан болды.

Фестивальдің жалпы жүлде қоры 2 миллион долларды құрады. Оның жартысы жеңімпаздарға берілсе, қалған қаражат перспективалы AI-командаларды қолдауға және Қазақстандағы кино өндірісін дамытуға бағытталады.

Фестиваль Астанада алғаш рет өтіп, жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдерді халықаралық деңгейде таныстыруға арналған жаңа алаң қалыптастырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу