Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгін біз Мәжілістің үшінші сессиясының жұмысын аяқтап отырмыз. Парламенттің жалпы жұмыс қорытындысы дүйсенбі күні, 30 маусымда қос палатаның бірлескен отырысында жасалады. Ал қазір Мәжіліс қызметінің кейбір нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтейін. Осы сессияда 39 жалпы отырыс өткізіліп, 249 мәселе қаралды және 90 заң қабылданды", – деді Мәжіліс спикері.
Оның сөзінше, депутаттар ең әуелі азаматтардың әлеуметтік жағдайына ерекше мән береді.
"Біріншіден, біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты тәсілдерді қайта қарадық. Барлық азамат үшін, тіпті сақтандырылмаған болса да, алғаш жүгінген кезде тегін базалық медициналық көмектің сақталуы үлкен жетістік болды. Біздің ұсынысымыз бойынша Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне онкологиялық скринингтер енгізілді. Сондай-ақ, құлағы нашар еститін жандарды, әсіресе балаларды жергілікті бюджет қаржысы есебінен есту аппаратымен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылды", – деді Ерлан Қошанов.
Ерлан Қошанов балалардың құқықтарын қорғау Парламенттің басты назарында екенін айтты.
"Атап айтқанда, кәсіби отбасы институты енгізілді. Енді кәсіби отбасы қиын жағдайға тап болған баланы қамқорлыққа алады, оны балалар үйіне тапсыруға жол бермейді. Сонымен қатар, депутаттар жекеменшік оқу орындарында оқушыларға ыстық тамақ беруді ұйымдастыру жөніндегі проблеманы шешті", – деді Мәжіліс төрағасы.
Мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлері атына 461 депутаттық сауал жолданып, азаматтарды толғандырып жүрген ең өзекті мәселелер көтерілді.
Айта кету керек, бұған дейін Мәжіліс күзде жасанды интеллект бойынша парламенттік тыңдау өткізетінін жазған болатынбыз.