Виктор Буллер: "Ұлтым неміс болса да, жаным қазақ"

2624

Көпұлтты Қазақстанның берекесі мен бірлігіне қызыға һәм қызғана қарайтындар көп.

Виктор Буллер: "Ұлтым неміс болса да, жаным қазақ"

"Жаны басқа болса да, жүрегі бір, түрі басқа болса да, тілегі бір" деген сөз тура осы кісіге арналып айтылғандай. Себебі ол Қазақстан деген ортақ Отанымыздың гүлденуіне сөзімен емес, ісімен үлес қосып келе жатқан жан.

Жалқының мақсаты мен мүддесін жалпының мұраты мен міндеті деп білетін және оны жүзеге асыруға қажыры мен қайратын, білімі мен тәжірибесін жұмсаудан жалықпайтын "Стройконструкция" АҚ басшысы Виктор Буллер қарапайым отбасында дүниеге келіп, коңырқай тірлік кешті.

Ол балалықтан даналыққа тез ауысты. Себебі бұғанасы беки салысымен жұмысқа жегілді. Содан болар бір үзім нан мен бір жұтым су еңбекпен тапқанда ғана тәтті болатынын ерте түсініп, қанағат, ысырап деген ұғымдарды жанына жақын тұтып жетілді.

Бұл туралы өзі: "Еңбекке ерте араласқаныма өкінбеймін. Жан аямай жұмыс істегеннен жаман болған жоқпыз. Өмір мектебінің барлық сынақтарынан сүрінбей өткен болсам, ол ақ адал маңдай терімнің арқасы. 17 жасымда Павлодар қаласындағы "Элеватормельстрой" мекемесінде құрылысшы болдым. Ешкімнен, ешқашан, ештеңе ұрлаған да, тартып та алған емеспін. Еңбегімнің нанын жеп, еңбегімнің суын іштім. Мен ғана емес, сол кездегі адамдардың барлығы осындай болды. Біз ақсаусақ атанғымыз келмейтін. Бұл сөзден қатты қорқатынбыз", – деді.

Кейіпкеріміз Павлодар индустриялық институтының инженер-құрылысшы-технолог мамандығын тәмамдағаннан соң жолдамамен Арқаға келеді. Мұнда Целиноград темір-бетон бұйымдары комбинатына қарапайым жұмысшы болып орналасады. Уақыт өте келе көзге түсіп, арматура шығаратын цехтың аға шебері қызметіне тағайындалады. Бұл жерде де еңбегімен ерекшеленіп, цех басшысы одан бас инженер болады. Жоғарыдағы қызметтер  Виктор Буллердің мансаптық жолының шегі де, шыңы да емес екен. Араға 2 жыл уақыт салып, ол комбинат директоры болып бекітіледі.

"Кеңес үкіметі құлап, халық алаң-елең болып жатқан шақта өзге ұлт өкілдері көштерінің басын атажұрттарына бұра бастады. Менің олай етуге арым жібермеді. Өйткені мен Қазақстан егемендікке қол жеткізгенде ерекше қуандым және жарқын болашағымды осы жермен байланыстыруға бел будым. Ес білгелі қуанышты да, қайғыны да, ыстықты да суықты бөліскен жерімнен бас тарту туралы ой санама кіріп те шыққан жоқ. Керісінше, осы жерде көктеп, осы жерде көгеруді мақсат тұттым. Арманым алдаған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуын, дамуын отандастарыммен бірге көріп келемін. Қал-қадірім келгенше өзім де елімнің гүлденуіне үлес қосып отырмын. Мен үшін бұл бақыт әрі мәртебе. Менің ұлтым неміс болса да, жаным қазақ. Мен Қазақстанды қазақтардан кем сүймеймін. Қазақстан – менің Отаным. Ал кез келген перзент Отанын сүйеді және қастерлейді", – деді бізге Виктор Буллер.

Туған жерге деген тағзым мен құрметтің елеусіз, ескерусіз қалмайтыны белгілі ғой. Осы тұрғыдан алғанда Виктор Буллер лайықты құрмет көрген екен. Ол күні бүгінге дейін "Құрмет", "Ұлттар достығы" ордендерімен, "Еңбек ардагері",  Астана", "Астананың 10 жылдығы" мерекелік медальдарымен марапатталыпты.Сонымен қатар "Қазақстанның құрметті құрылысшысы" төсбелгісіне қол жеткізіп, "Астана қаласының құрметті" азаматы атаныпты.

Бұл жайында ол: "Ешқашан билікке еңбегімді бұлдаған емеспін. Мен бар болғаны өз қызметімді мінсіз атқаруға тырыстым. Абыройға осы арқылы кенелдім", – деді.

Виктор Буллер "Стройконструкция" АҚ-ға қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған кезде басшы болды. Еліміздегі кәсіпорындар мен өндіріс орындары тұралап тұрған тұста акционерлік қоғамды алға сүйреу оңайға соққан жоқ. Алайда тәжірибелі маман қолдан келгеннің барлығын жасады. Бұл үшін оған күн демей, түн демей еңбек етуге тура келді.

"1995-1997 жылдардағы қаржы дағдарысы Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін есеңгіретіп тастады. Біз жабылудың алдында тұрдық. Елбасының қолдауының арқасында ғана өзімізді сақтап қалдық. Кейін сара соқпағымызды тауып, дамудың дара даңғылына түстік. Кейде сол кезде Президентіміз қолдамағанда қазір біз болар ма едік, болмас па едік? деп ойлаймын.  Жалпы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның бағына туған тарихи тұлға. Ол батыл шешімдерге бармағанда, жарқын жобаларды жүзеге асыруға нұсқау бермегенде еліміз небары 27 жыл ішінде қазіргідей жетістікке жетпес еді. Біз үнемі осыны есімізде ұстауымыз керек", – деді компания басшысы.

Виктор Буллер экономикалық дағдарысты еңсеру кезінде бірде бір қызметкерін жұмыссыз қалдырмапты. Осы турасында ол: "Біздің өнімдерге тапсырыс болмады. Жұмыскерлердің және олардың отбасының маған қарап отырғанын жақсы түсіндім. Қайтсем екен? деп жанымды жегідей жедім. Бір үйдің асыраушысы болып отырған адамдарды жұмыстан босатсам, олардың әйелдері мен балаларының көздеріне қалай қараймын деп уайымдадым. Ақырында жұмыс уақытын қысқартып, жұмысшыларды сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Мұнымды ұжым бірауыздан қолдады. Нәтижесінде адамдардың барлығы аз болса да тұрақты айлық алып тұрды. Осылайша біз білікті мамандарымызды сақтап қалдық", –  деді.

Осы бір қиын кезеңде Виктор Буллер өз-өзіне уәде берген екен. Бүгінгі таңда уәдесін айна-қатесіз орындап келе жатқан көрінеді. Бұл туралы ол: "Қол астымдағы қызметкерлерімнің жабырқау жүзін көргенде іштен тынатынмын. Бірақ оларға сыр білдірмейтінмін. Соқталдай азаматтардың жанарындағы мұң мен үміт олардың алдындағы жауапкершілігімді арттыра түсті. Бірде өз-өзіме күндердің күнінде ісіміз алға басып, жағдайымыз жақсаратын болса, әр қызметкеріме лайықты айлық қоямын және әлеуметтік жағдайын жасап отырамын деп уәде бердім. Шүкір, бүгінгі таңда сол уәдемді орындайтын жағдайға жеттім. Қазір біздің мекемеде 800- ге жуық адам қызмет атқарады. Олардың барлығы әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қамтылған. Әрқайсысының қуаныштарын ескереміз, мерейтойларын атаусыз қалдырмаймыз. Еңбек өтілі жоғары мамандарды демалыс орындарына жіберіп тұрамыз. Жұмысшыларымызға түскі ас тегін. Жұмысқа барып келетін көлік те қарастырылған. Тіпті , акционерлік қоғамымыздың жанынан дүкен, асхана, наубайхана, медициналық бекет және аяқ киім жөндеу шеберханасы да ашып қойдық", – деді.

Оның сөзінше, бүгінгі таңда "Стройконструкция" АҚ жылына 300 мың текше метр темір-бетон, 50 мың текше метр бетон өнімдерін әзірлейді. Өндірілген өнім еліміздің түкпір-түкпіріне оның ішінде Павлодар, Қостанай, Петропавл, Оңтүстік Қазақстан өңірлеріне жиі жөнелтіледі. Ал Астанадағы "Ақорда", Интерконтиненталь" қонақ үйі, "Алатау", "Қазақстан" спорт сарайлары, "Ащысай", "Есіл" тұрғын үйлері, Әскери-патриоттық мұражай,  "ҚазМұнайГаз" ғимараты, "Хан Шатыр", "Мега", "Синема-Сити", "Думан" сауда және ойын-сауық орталықтары, астаналық цирк, Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы әскери университет, "Алау" мұз айдыны, "Сарыарқа" велотрегі, Ұлттық академиялық кітапхана, Қазақ ұлттық өнер академиясы, Оқушылар сарайы, №1,2 қалалық ауруханалар, "Бәйтерек" монументі, "Тәуелсіздік", "Бейбітшілік және Келісім сарайлары", "Нұр-Астана", "Әзірет Сұлтан" мешіттері, "Астана Опера" опера және балет театры, Назарбаев университеті, Қорғаныс, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктері сынды ғимараттардың құрылысына "Стройконструкция" АҚ-ның өнімдері пайдаланылған.

Виктор Буллер көпұлтты Қазақстанның берекесі мен бірлігіне дүниежүзі қызыға да, қызғана да қарайтынын ерекше атап көрсетті.

Оның сөзінше, қазақтардың қонақжай әрі бауырмал екенін барлығы жақсы біледі.

"Мен қазақтардың отаншылдығы мен намысшылдығына және жомарттығы мен үлкенге деген құрметіне қатты қызығамын. Өзімнің ет жақындарымның барлығына қазақтардың осы қасиеттерін үлгі етіп отырамын. Маған олардың "кең болсаң кем болмайсың" деген сөзі ұнайды. Өзім осы сөзді өмірлік ұстаным һәм темірқазық тұтып келемін. Бұл сөзді жадынан шығармаған адам жаман болмайды. Мен де жаман болған жоқпын", – деп түйді ойын  Виктор Буллер

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу