А.Елгезек: "Менің өлеңімді Мұқағали ақын жазған деп оқитындар көп"

167

Көпшіліктің көңілінен шығатын әндердің мәтінін жазған.  

А.Елгезек: "Менің өлеңімді Мұқағали ақын жазған деп оқитындар көп" Фото: Kazinform

Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ақберен Елгезектің шығармашылығымен әдебиетсүйер қауым жақсы таныс. Осыған дейін бес кітабы жарық көрді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Мен негізі тәп-тәуір ақын едім, кейінгі кезде жазушы болып кеттім" деген Ақберен Елгезек прозаға да бет бұрды.

"Болмаған балалық шақ" атты повесі қазақ бестселлеріне айналды десек, қателеспейміз. Себебі ақынның балалық шағынан жадында қалған естеліктерін жаңғыртқан аталмыш кітаптың бүгінде отыз мыңға жуық данасы сатылған.

"Жақсы оқылған, оқырман қауым жылы қабылдаған кітап болды" дейді ақын.

Дәл осы шығарманың желісі бойынша Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы театр бастап, бірнеше театр спектакль қойып, қойылым әлі күнге дейін аншлагпен өтіп жатыр. Онымен қоса, Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясы биыл "Болмаған балалық шақ" атты фильм түсіруді қолға алды.

"Жазушылығымнан ақындығым көбірек айтылса екен" дейтін Ақберен Елгезектің:

"Сені ешкімге бермеймін, сұрамасын,

Сұрамасын жанымның мұнарасын", — дейтін өлең жолдарын Мұқағали Мақатаевтікі деп ойлайтындар да бар. Ақын талай рет өлеңінің авторы Мұқағали Мақатаев деп жазылып, айтылып жүргенін білетінін және оған іштей қуанатынын жасырмады.

Көпшіліктің көңілінен шығып, "хитке" айналған "Сүйікті етші", "Сезім үшін" сияқты әндердің мәтінін де Ақберен Елгезек жазған.

Шығармашылық адамының жанын түсініп, жазуға жағдай жасайтын — жары, белгілі журналист Дина Елгезек екенін айтқан ақын-жазушы Ақберен Елгезек қазір "Мен дардаймын" деген атпен жаңа роман жазып жатқанын және тақырып тұрғысынан Бұл роман қазақ әдебиетінде жаңалық болатынын айтты.

Жаңа романның оқырманы көп болсын деген тілек айтамыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу