Абай күніне орай Абай облысындағы әйелдер колониясының сотталған әйелдері ұлы ақынның портреті бейнеленген торт әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кондитерлер авторлық торттың эскизін өздері әзірлеп, безендірілуін мұқият ойластырған және Абайдың көпшілікке танымал бейнесін барынша дәл жеткізуге тырысты. Торттың әрбір элементі қолмен жасалды. Бұл жұмыс жай ғана аспаздық үдеріс емес, сонымен қатар шығармашылығына деген құрметті білдіруге мүмкіндік болды. Себебі, ұлы ақынның идеялары бүгінгі күні де талай адамға ой салып, шабыттандырады.
Мекемеде болған кезімде Абай Құнанбайұлының шығармаларын жиі оқимын. Оның өлеңдері мен “Қара сөздері” өмір, өз іс-әрекетіміз туралы ойлануға, адал, еңбекқор болудың және үнемі білімге ұмтылудың қаншалықты маңызды екенін түсінуге жетелейді. Сондықтан Абай күні жақындаған кезде біз, кондитерлік цехта жұмыс істейтін сотталған әйелдер, ұлы ақынның портреті бейнеленген торт пісіруді өзіміз ұсындық. Осы арқылы оның шығармашылығы мен мәдени мұрасына деген құрметімізді білдіргіміз келді.
– Біздің бастамамызды қолдап, оны жүзеге асыруға көмектескені және жұмыс істеуге барлық жағдай жасағаны үшін мекеме әкімшілігіне алғысымызды білдіреміз. Біз үшін бұл торт жай ғана мерекелік десерт емес, ойлары мен өнегелі сөздері бүгінгі күні де адамдардың жүрегінен орын тапқан тұлғаға деген құрметтің символы, – деді сотталған әйелдердің бірі.
Еңбек пен шығармашылық сотталғандарды қайта әлеуметтендіру үдерісінің маңызды бөлігі болып табылады. Сотталғандардың осындай бастамалармен өздері шығуы олардың қызығушылығы мен дамуға, қоғамға пайда келтіруге деген ұмтылысын көрсетеді. Абайдың мұрасына жүгіну өмірлік құндылықтарды қайта қарауға ықпал етіп, халқымыздың мәдениетіне, тарихы мен дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастырады.
Біз осындай бастамаларды әрдайым қолдаймыз. Өйткені адам еңбек, білім алу және рухани даму арқылы оң өзгерістерге қадам басады. Мекеменің кондитерлік цехы – сотталған әйелдерді еңбекпен қамту бағыттарының бірі. Мұнда әйелдер сұранысқа ие мамандықты меңгеріп, тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді және әрбір өнімге шеберлігімен қатар, жүрек жылуын да қосып, түрлі кондитерлік өнімдер дайындайды.
– Осындай іс-шараларды өткізу сотталған әйелдердің шығармашылық қабілетін дамытуға, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға және бостандыққа шыққаннан кейінгі әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранова.