Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі Алтай қаласында өткен "Үлкен Алтай – 2026" халықаралық конференциясы аясында Абай облысы 20-ға жуық шетелдік инвестормен B2B форматында келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесуге облыс атынан облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков бастаған делегация қатысып, сауда, құрылыс, медицина, инфрақұрылым және өндіріс салаларындағы инвестициялық ұсыныстар талқыланды.
Нәтижесінде өңірдің басқармалары, аудан әкімдіктері және "Семей" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қытайлық компаниялармен және білім беру ұйымдарымен жалпы саны 7 ынтымақтастық құжатына қол қойды. Оның ішінде 6 инвестициялық меморандум және 1 білім беру саласындағы негіздемелік келісім бар. Жалпы инвестиция көлемі 76,3 млрд теңгені (146,8 млн АҚШ доллары) құрайды.
Меморандумдар аясында гидроэлектр станциясын, алюминий және құрылыс материалдары зауыттарын, электр кабель өнімдері өндірісін іске қосу, Smart City инфрақұрылымын дамыту, спорт және балалар алаңдарын салу, Үржар ауданында жылыжай кешенін құру, сондай-ақ энергия үнемдейтін технологияларды енгізу жоспарланған.
Сондай-ақ Шәкәрім университеті мен Шыңжаң Алтай кәсіптік-техникалық колледжі арасында кадр даярлау, студенттер мен оқытушылар алмасу және ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға бағытталған келісім жасалды.
Айта кетейік, өткен жылы осы алаңда жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылған болатын.