Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың мәліметінше, биылғы тоғыз айда өңір экономикасында оң өсім байқалған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,5 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 630 млрд теңгеге артты. Осы көрсеткіш бойынша облыс республикада 10-орыннан 8-орынға көтерілді.
Есепті кезеңде өңір экономикасына 417,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 365,2 млрд теңгесі – жеке инвестициялар. Сондай-ақ 240,4 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 173,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада 19-орыннан 6-орынға көтерілді.
Жиында қала және аудан әкімдерінің жұмысына жүргізілген рейтинг нәтижелері де жарияланды. 83 индикатор бойынша Семей қаласы, Жаңасемей және Үржар аудандары үздік үштікке енді. Ал Курчатов қаласы, Ақсуат және Көкпекті аудандары төмен нәтиже көрсетті.
Облыс әкімі Берік Уәли көрсеткіштері төмен өңір басшыларына жұмысты күшейтуді тапсырды. Әсіресе, қатарынан төмен нәтиже көрсеткен Көкпекті ауданы әкімінің жұмысына тиісті баға беруді жүктеді.
"Әрбір басқарма басшысы мен қала, аудан әкімі өз бағыты бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуге баса назар аударсын. Жыл қорытындысына дейін қалған уақытты тиімді пайдаланып, анықталған кемшіліктерді жою қажет", – деді аймақ басшысы.
Жиын соңында Берік Уәли инвестиция тарту, өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс және жұмыспен қамту бағыттарындағы жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ жыл қорытындысында міндеттерін орындамаған жауапты тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылатынын ескертті.