Абай облысында 40 мың литрден астам мұнай өнімінің заңсыз айналымы анықталды

231

Заңсыз жанармай айналымына байланысты кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  

Абай облысында 40 мың литрден астам мұнай өнімінің заңсыз айналымы анықталды Фото: atr.kz

Абай облысында мемлекеттік кіріс органдарында тіркелмеген автожанармай құю станциясы арқылы мұнай өнімдерін заңсыз айналдыру фактісі анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен Аягөз ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы бірлесіп, 2026 жылғы 18 маусымда аудан аумағында жоспардан тыс тақырыптық көшпелі тексеру жүргізген.

Тексеру барысында тау-кен өндіру кәсіпорындарының бірінің аумағында тіркелмеген жанармай құю станциясы жұмыс істегені белгілі болды. Аталған бекет арқылы кәсіпорынның арнайы техникасы ғана емес, мердігер ұйымдардың көліктері де жанармаймен қамтамасыз етілген.

Бұл деректер бейнебақылау материалдары және тексеру кезінде табылған жанармай құю ведомостарымен расталған.

Тексеру қорытындысы бойынша жанармай бекетінің резервуарларында сақталған 40 мың литрден астам мұнай өнімі заңсыз айналымнан алынды.

Сот шешімімен кәсіпорын Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тәркіленген мұнай өнімдері мемлекет кірісіне өткізілді.

Мемлекеттік кірістер департаменті мұнай өнімдерін заң талаптарын бұза отырып өткізу жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымын анықтау және оның жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу