Абай облысының Жарма ауданында алтынды заңсыз өндірумен айналысқан топтың әрекеті тоқтатылды. Бұл іске қатысы бар тоғыз адам анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізген тергеу барысында заңсыз кен өндіру дерегін анықтады.
Тергеу мәліметінше, топ Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде тиісті рұқсатсыз алтын өндірген. Олар құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен қазып алып, арнайы жабдықтардың көмегімен шайған.
Аумақты тексеру кезінде тереңдігі 15 метр болатын карьер анықталды. Заңсыз қазылған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан. Бұдан бөлек, 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген.
Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде заңсыз өндіріске қатысы бар тоғыз адам анықталды.
Оқиға орнынан кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар жеті қап материал, екі металл іздегіш, екі тиегіш пен бір экскаватор тәркіленді.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.