Абай облысында "Кітап оқитын ұлт" жобасы жүзеге асырылады

342

Жоба аясында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған алты айлық республикалық марафон өтеді.  

Абай облысында "Кітап оқитын ұлт" жобасы жүзеге асырылады Фото: gov.kz

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Абай облысының әкімдігі мен "Кітап оқитын ұлт – Читающая нация" қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс-шара Президенттің оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды. Жоба аясында өңірде "Кітап оқитын ұлт" республикалық бастамасы кезең-кезеңімен іске асырылады.

Негізгі мақсат – тұрғындар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың білімге қызығушылығын арттыру және кітапханалардың қоғамдық-мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейту.

Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов Семей өңірінің ағартушылық дәстүріне тоқталып, жобаның өскелең ұрпақты кітап оқуға баулудағы маңызын атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – кітап оқуды әр өңірдің білім беру және қоғамдық өмірінің маңызды бөлігіне айналдыру. Осы бағытта технологиялық серіктесіміз Yandex Qazaqstan компаниясымен және "Яндекс Кітаптар" сервисімен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Ортақ міндетіміз – мемлекеттік тілдегі кітаптардың цифрлық қорын көбейтіп, сапалы әдебиетті еліміздің әрбір тұрғынына қолжетімді ету, – деді Қоғамдық қордың атқарушы директоры Аян Сакошев.

Алты айға созылатын кітап оқу марафоны барысында қатысушылар арнайы тізімге енген 15 кітапты оқып, тестілеу мен интеллектуалдық сайыстарға қатысады. Жоба аясында "Кітап оқитын мектеп", "Кітап оқитын педагог", "Кітап оқитын әулет" және басқа да бағыттар бойынша республикалық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бастама аясында өңірлік жоба кеңсесі құрылып, қатысушыларды тіркеу мен оқылған кітаптарды есепке алуға арналған цифрлық платформа іске қосылады. Жоба ауылдық және шалғай елді мекен тұрғындарын да қамтуды көздейді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу