Абай облысында мектептің техникалық қызметкерлеріне миллиондаған жәрдемақы төленбеген

698

Жылына бір жалақы көлемінде жәрдемақы берілуі керек болған.  

Абай облысында мектептің техникалық қызметкерлеріне миллиондаған жәрдемақы төленбеген Фото: google

Абай облысы Үржар ауданында мектептің техникалық қызметкерлері сауықтыруға арналған жәрдемақыны ала алмай келеді. Оларға төленуге тиіс қаржының жалпы көлемі 50 млн теңгеден асады. Бұл жөнінде "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің өңірдегі филиалы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

Ақпаратқа қарағанда, мұндай жәрдемақы барлық коммуналдық мекеме қызметкерлеріне, соның ішінде біліктілігі жоқ штаттық жұмысшыларға да берілуге тиіс. Шығыс Қазақстан әкімдігі, облыстық кәсіподақтар бірлестіктері және жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2021 – 2023 жылдарға арналған облыстық келісімнің 2.10-тармағында осылай деп көрсетілген. Еске сала кетейік, 2021-2022 жылдары Үржар ауданы Шығыс Қазақстан облысының құрамында болды, мектептер ШҚО білім басқармасына қарады.

"Өкініштісі, төлемдер берілген жоқ. Егер біліктілігі жоқ жұмысшылардың жалақысы 70 000 теңгеден төмен емес деп есептесек, сома тек бір жылда 54 000 000 теңге шығады. Себебі Үржар ауданында 52-ге жуық мектеп және әрқайсысында орта есеппен 15 адам (техникалық қызметкер, электриктер, слесарлар) бар болады. Бұл сома айтарлықтай көп деп есептейміз. Мұның жұмысшыларға жетпеуі мемлекетке де келтірілген залал. Бұл жерде көптеген сұрақтар туындайды, неге бұл ақша төленбеді, олар қайда кетті, қаржыландырудың қай кезеңінде жоғалып кетті?" - дейді "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің өңірдегі жетекшісі Әділ Пшенов.

Оның айтуынша, осы факті бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне хат жолданды. Хатта ШҚО мен Абай облысының барлық мектептеріне ауқымды тексеру жүргізу сұралған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу