Абай облысында өрт сөндірушіге мемориалдық тақта қойылды

467

Жарма ауданында дала өртімен күресте көз жұмған өрт сөндірушіге мемориалдық тақта қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Абай облысында өрт сөндірушіге мемориалдық тақта қойылды Фото: Жарма ауданы әкімдігінен

Былтыр Бозжыра ауылдық округі Бірінші ауылының учаскесінде ашық алаңда шөп жанған болатын. Сол кезде өртті өшіруге №22 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері келген еді.

Өрт сөндіру барысында өрт сөндіру автоцистернасы отты сөндіру үшін су жеткізіп жүрген Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының КамАЗ көлігінен су алып жатқан еді. Осы кезде жел бағыты өзгеріп, лаулаған от автоцистернаға қарай жылжыды. Техниканы эвакуациялау жолдарының барлығы жан-жағынан отқа оранып кетті.

Автоцистерна мен су тасымалдайтын КамАЗ көлігі толығымен жанып кетті. Соның салдарынан 3 өрт сөндіруші күйік жарақатын алып, олардың бірі ауруханада көз жұмды.

Марқұм Айдос Тоғызбаев 1985 жылы 24 қарашада ШҚО Мақаншы ауданы Жарбұлақ ауылында дүниеге келген. 2004 жылы Алматы қаласындағы №5 кәсіптік мектепті тәмамдаған. Азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бері қызметте болған.

Жарма ауданының Әуезов кентінде азаматтық қорғау сержанты Айдос Ерұланұлына арналған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды. Тақтаны ашу құрметі Айдостың әкесі Ерұлан Тоғызбаевқа және Абай облысы ТЖД бастығы Манарбек Шапағатовқа берілді. Жиналғандар марқұмды бір минуттық үнсіздікпен еске алып, мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу