Абай облысында өртенген орман ағашының шамамен 80%-ы отынға жарайды – министр

376

Өңірде ағашты тереңдетіп өңдейтін зауытты салу қажеттілігі бар.

Абай облысында өртенген орман ағашының шамамен 80%-ы отынға жарайды – министр Фото: Фото: ТЖМ
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Абай облысындағы өткен жылы болған өрттің салдарынан орман алқабының үлкен көлемі өртенді. Табиғаттың тұтас экожүйелерін жойып жіберді. Бұл ауқымды апат сипатына айналды және уақтылы шешім қабылдамаған жағдайда орнына қайтып келмейтін зардап келтіреді. Осыған байланысты өңірдегі ағаш өсірушілердің бірінші кезектегі міндеті – өрттің салдарын жою. Орман патологтарымен бірлесіп жүргізілген өрт шалған екпелерді зерттеу нәтижелері бойынша ағаш діңдерінде қайталама зиянкестердің тіршілік әрекетінің белгілері анықталған. Ағаштардың айналасында ұсақ үгінділер пайда болған. Көктемнің келуімен және одан кейінгі жылдары зиянкестердің жаппай таралып кетуі мүмкін", - деді ведомство басшысы.

Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, санитариялық іс-шаралар уақтылы жүргізілмеген жағдайда орман зиянкестері мен аурулары жаппай таралып, сау екпелерге жұқтырады. Осыған байланысты бүлінген орманды кесуді аман қалған сүрекдіңмен шекаралас учаскелерден бастау қажет, деп жалғастырды ол. 

"Алдын ала деректер бойынша, өртенген ағаштың көлемі шамамен 6,0 млн текше метрді құрайды. Оны жинау үшін қосымша күш пен қаражат қажет болады. Орман шаруашылығы талаптарына сәйкес орман зиянкестерінің қоныстануына жол бермеу және орман жағдайын сақтау мақсатында бүлінген сүректі (ағашты) жинауды қысқа мерзімде жүзеге асыру қажет. Резерватта бар техника мен жабдықтар, сондай-ақ адам ресурстары орман шаруашылығы жұмыстарының осындай көлемін орындауға есептелмеген", - деді спикер. 

Айтуынша, осыған байланысты арнайы дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алу қажет. 

"Өртенген орман ағаштарының жалпы көлемінің шамамен 80 пайызы отынға арналған ағашты құрайды, бұл аймақта ағашты тереңдетіп өңдеу зауытын салу қажеттілігін туындатып отыр. Осыған байланысты министрлік Абай облысының әкімдігімен бірлесіп, орман өрттерінен бүлінген сүректі тереңдетіп өңдеу зауыттарын салу үшін инвесторларды тарту мәселесін пысықтауда. Қазіргі уақытта 4 ұйым мүдделі екенін  білдірді", - деп атап өтті Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу