Оны іздеуге полиция қызметкерлері мен құтқарушылар дронды да пайдаланған.
Таңғы сағат 07:00 шамасында полицияға ер адамның бауыры хабарласып, туысының жоғалып кеткенін жеткізген. Оның айтуынша, соңғы уақытта ер адамның есте сақтау қабілеті нашарлап, айналасын бағдарлауы қиындаған.
Хабарлама түскеннен кейін полицейлер мен құтқарушылар дереу іздеу жұмыстарына кірісті. Олар үш топқа бөлініп, өздеріне бекітілген аумақтарды тексерген. Сонымен қатар іздеу шеңберін кеңейту мақсатында далалық жерлерді дрон арқылы әуеден бақылаған.
Нәтижесінде сағат 16:20 шамасында ер адам Бұлақ ауылынан жеті шақырымдай қашықтықтағы ашық даладан табылды.
Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Жалпы іздеу-құтқару жұмыстары тоғыз сағаттан астам уақытқа созылды.