Абай облысындағы құрылыс нысандарының сапасы қатаң бақыланады

579

Биыл облыста 240 құрылыс нысаны пайдалануға беріліп, 335 нысанға мониторинг жүргізілді.

Абай облысындағы құрылыс нысандарының сапасы қатаң бақыланады Фото: gov.kz

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі құрылыс нысандарының сапасы мен заңнама талаптарының сақталуы талқыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров баяндады. Басқарма мәліметінше, өңірде жыл басынан бері құрылыс жұмысын бастауға қатысты 1111 талон-хабарлама түскен.

Қазіргі уақытта 619 нысан бойынша құрылысты бастауға келісім берілген. Оның 143-і бюджет қаражаты есебінен, 72-сі квазимемлекеттік сектор, 404-і жеке сектор есебінен жүзеге асырылатын нысандар.

Биыл барлық қаржы көздері есебінен 240 құрылыс нысаны пайдалануға қабылданды. Оның ішінде 70 бюджеттік, 36 квазимемлекеттік сектор және 134 жеке сектор нысаны бар.

Жыл басынан бері жоспардан тыс 41 тексеру жүргізіліп, анықталған заң бұзушылықтар үшін тиісті айыппұл салынған. Сонымен қатар техникалық қадағалау мен сараптама жүргізетін компаниялардың қызметі, құрылыс лицензияларын алу және пайдалану заңдылығы тексерілген.

Аймақ басшысы жиында салаға жауапты орынбасарлары мен тиісті басқармаларға өңірде салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасын және заңнама талаптарының сақталуын тұрақты әрі қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

"Құрылыс нысандарының сапасы, белгіленген мерзімдердің сақталуы және жобалық-сметалық құжаттамалардың жай-күйі тұрақты бақылауда болуы керек. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тарапынан айтылған ескертулер назарға алынып, әрбір нысандағы жұмыс бекітілген талаптарға сай, заң аясында жүргізілуі тиіс. Өйткені, бақылау болмаған жерде сапа да болмайды, жұмыс та жүрмейді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажет", – деді Берік Уәли.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу