Абай облысындағы медициналық мекеменің 600-ден астам қызметкері жалақы алмай келген

394

Мекеменің қызметкерлерге жалақы берешегі 128,1 млн теңгеге жеткен.

Абай облысындағы медициналық мекеменің 600-ден астам қызметкері жалақы алмай келген Фото: ашық дереккөзден

Жаңадан құрылған Абай облысындағы медициналық мекеме 600-ден астам қызметкеріне жалақы төлемей келген. Амалы таусылған ақ халаттылар құзырлы органдардан көмек сұраған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Абай облысы құрылғалы бері білім мекемелерінен бөлек тағы бірнеше сала қызметкерлері еңбекақыларын ала алмай жүргенін жазған болатынбыз. Жуықта Семейдегі психикалық денсаулық орталығы қызметкерлері де жалақыларын ала алмай жүргендігі белгілі болды. 

Облыстық психикалық денсаулық орталығының 646 қызметкеріне жалақы берешегі 128,1 млн теңгеге жеткен.

Абай облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осы мәселені дереу шешу мақсатында денсаулық сақтау басқармасы басшысының атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді.

Сондай-ақ, орталықтың басшылығымен, ұжымымен және кәсіподақ өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.

- Соның нәтижесінде, қазіргі уақытта психикалық денсаулық орталығының медицина қызметкерлерінің алдындағы жалақы бойынша берешегі толығымен өтелді. Осы жылдың ақпан айындағы жалақы да уақтылы берілді, - делінген ақпаратта.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу