Абай облысындағы орман өртін толық сөндіруге қанша күн кетеді? – ТЖМ жауабы

445

Бүгінгі таңда өрт сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. 

Абай облысындағы орман өртін толық сөндіруге қанша күн кетеді? – ТЖМ  жауабы Фото: ҚР ТЖМ

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Сенат кулуарында "Семей орманы" табиғи резерватындағы орман өртін сөндіруге қанша уақыт кететінін айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

"Қазіргі уақытта өрт оқшауланды. Бұл туралы кеше хабарладық. Бірақ әлі өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өрт толық сөндіруге дейін керек күш-құралдарды қалдырдық. Басшылық сол жерде. Өрттің жалпы аймағы 60 мың гектар болған", - деді Ибрагим Күлшімбаев.

Ол өрттің шығыны есептелмегенін айтты. Бұл жұмыстар тілсіз жау толық сөнгеннен кейін жүргізілмек.

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі бүгінде елді мекендерге келер қауіп жоқ деп сендірді.

"Өртті оқшаулау және жою деген түсінік бар. Ең бірінші өрт оқшауланады. Яғни, бұл тілсіз жау бақылауға алынғанын, оның таралу қаупі жоқ екенін білдіреді. Бірақ та дала және орман өрттерін толық жою кейде бір аптаға дейін созылуы мүмкін", - деді ол.

Тілшілер спикерден Абай облысындағы орман өрті қанша күнде толық сөндіріліп бітетінін сұрады.

"Өрт жойылғанға дейін 4-5 күндей кетуі мүмкін", - деді ТЖМ өкілі.

Бұл ретте Ибрагим Күлшімбаев осы мәселе бойынша өртті сөндіру алгоритмін түсіндіріп өтті.

"Орман шаруашылықтары ең әуелі өздері сол ақпаратты (ред. – өрт шыққаны туралы) бірінші өздері тексереді. Сол бойынша өздерінің күш-құралдарын салып, оқиға орнына шығады. Сондай алгоритм бар. Бүкіл өрттерге аудан басынан не облыс орталығынан (ред. – өрт сөндірушілер) шыға бермейді ғой. 800-дей орман өрті тіркеледі. Бірінші орман шаруашылықтары өздері сөндіре бастайды, егер де аймағы үлкен болса, ТЖМ күшін шақырады", - деді Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу