Абай облысындағы өрт ТЖ кезінде әрекет ету жүйесінің уақытылы әрекет етпегенін көрсетті – Мәулен Әшімбаев

488

Ол төтенше жағдай кезінде әрекет ету жүйесін сынға алды. 

Абай облысындағы өрт ТЖ кезінде әрекет ету жүйесінің уақытылы әрекет етпегенін көрсетті – Мәулен Әшімбаев Фото: ҚР ТЖМ

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенат отырысында төтенше жағдайда әрекет ететін барлық құрылымды қаржыландыруға кететін қаржының мақсатты түрде жұмсалуын қамтамасыз ету керектігін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Сенат спикері бұл сөздерді Қаржы министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігіне қарата айтты.

"Ибрагим Даукесұлы, Ерлан Кенжебекұлы, Абай облысындағы өрт төтенше жағдай кезінде әрекет ету жүйесінің қаншалықты тиімсіз екенін анық көрсетті. Бұл – ақиқат. Мұнымен дауласудың да керегі жоқ. 15 адам қаза болды. Оларға көңіл айтып жатырмыз. Өзіміздің тарихымызда бірінші рет осындай (алапат) өртпен күресіп жатсақ, ол түсінікті болар еді. Бірақ жыл сайын осындай жағдай болады. Былтыр күзде Қостанай облысында үлкен өрт болды. 40 мың шаршы орман, жер өртеніп кетті. Осыған байланысты Үкімет те біраз жұмыс істеді. Сіздер Президент тапсырмасын орындап жатырмыз деп ақпарат та бердіңіздер. Бірақ Абай облысындағы жағдай осы бүкіл жүйенің уақытылы әрекет етпегенін, құрылымдар арасында үйлесімнің, тәртіптің жоқ екенін анық көрсетті", - деді ол.

Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, бұл саланы түбегейлі өзгертетін, дұрыстайтын уақыт келді. Президент тиісті тапсырмалар да берді, деп толықтырды ол.

"Енді тиісті бағдарлама қабылданады деп әріптестеріміз баяндама жасап жатыр. Басқа да шаралар қабылданады. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша біраз іс-шаралар жүзеге асатыны сөзсіз. Қазір біз бюджетті қараған кезде барлық ұсынысты қолдап, келесі жылдың бюджетінен біраз қаржы кіргіземіз. Төтенше жағдай кезінде әрекет ететін барлық құрылымды қаржыландыру үшін. Сондай-ақ осы қаржының жүздеген млрд доллары бөлінеді. Бәріміз олардың дұрыс пайдалануын, олардың мақсатты түрде жұмсалуын, нәтижесі болуын қамтамасыз етуіміз керек", - деп атап өтті Сенат спикері.

Еске салайық, 8 маусымда Абай облысындағы "Семей орманы" табиғи резерватының аумағында алапат өрт басталды. Тілсіз жау 60 мың гектар орман аумағын шарпыған. Төтенше жағдайлар министрлігі 14 маусым күні Абай облысындағы орман өртінің оқшауланғанын хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу