"Абай, Сәтбаев, Мойынқұм": АЭC атауына қатысты халықтан 20 мыңнан астам ұсыныс түскен

274

Түпкілікті шешімді комиссия қабылдайды.

"Абай, Сәтбаев, Мойынқұм": АЭC атауына қатысты халықтан 20 мыңнан астам ұсыныс түскен Фото: canva

Қазақстандықтардан АЭС атауына қатысты 20 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, ел азаматтарының конкурсқа қатысуға қызығушылығы өте жоғары. Агенттік алдын ала талдау жүргізген. 

"Онда негізінен үш бағыт бар. Ең жиі кездесетін ұсыныстарға келсек, біріншісі географиялық атауларға байланысты. Мәселен, Балқаш, Іле, Үлкен. Бұл – Үлкен ауылы маңындағы жерлердің атауы. Мойынқұм, Мойынқұм АЭС деген де бар. Екінші үлкен блок – бұл станцияға Қазақстанның көрнекті тарихи, саяси, ғылыми тұлғалардың есімін беру бойынша ұсыныстар. Академик Шөкин, Батуров, Абай, Қаныш Сәтбаевтың есімдерін беру ұсынылған. Үшінші ірі бағыт – станцияның техникалық, инженерлік және энергетикалық сипатына байланысты атаулар. "Жарық", "қуат", "бейбіт атом", "энергия" сияқты базалық сөздер қолданылған атаулар бар", – деді агенттік басшысы.

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы барлық ұсыныстарды комиссия қарап жатқанын айтты.

Айта кету керек, бұған дейін еліміздегі алғашы АЭС атауына конкурс басталғанын жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу