Абзал Құспан прокуратураның қаңтар оқиғасына қатысты құпия жұмысын сынға алды

1512

Заңгер Абзал Құспан қаңтар оқиғасына байланысты тым "құпия" жұмыс істеп жатқан прокуратура басшыларына сын айтты.

Абзал Құспан прокуратураның қаңтар оқиғасына қатысты құпия жұмысын сынға алды

"Алдағы уақытта жергілікті прокуратура органдары мынадай кемшіліктерге назар аударса дейміз. Бір ел және бір қылмыстық процестік кодекс бола тұра әр өңірдегі тәжірибе әр түрлі.

Жергілікті жердегі құқық қорғау органдарының басшылығы қоғамдағы жағдайдың әлеуметтік-саяси маңызын түсіне бермейді.

Қоғам өкілдері, азаматтармен жұмыс басынан бастап дұрыс жолға қойылмаған. Әлеуметтік желінің қазақ тілді сегментіне жеткілікті мониторинг жасалмайды. Қылмыстық процестік кодекстегі "тергеу құпиясын" алға тартып, негізгі жауапкершілікті сот органдарына жүктеп, өздерінен ысыра салғысы келетіндей сыңай байқалады", – деді ол Парламент мәжілісінде қаңтар оқиғасын талқылау барысында.

Осыған орай шетелден мысал келтірді. 

"Америкада 2020 жылы 46 жасар қара нәсілді Джордж Флойдты полиция қылмысқа сезікті деп ұстап, тізесімен қатты басып өлтіріп алды. ФБР тергеуі бірінші күн, бірінші сәттен бастап ашық жүргізілгені сонша, бүкіл әлем ол туралы ашық талқылап отырды. Біз де Қазақстанда талқылап отырдық. Бұдан ФБР-дың тергеу сапасы әлсіреп кетті деп ойламаймын. Бізде болса бәрі жабық, бәрі құпия. Әрине, бүкіл материалды ашып таста демейміз, бірақ қаңтар оқиғасы секілді қоғам үшін аса маңызды істе құқық қорғау органдары ондаған жылдар бойы қатып қалған кеңестік жүйеден шығып, қоғаммен ашық жұмыс істегендері жөн деп білеміз", – деді Абзал Құспан.

Айта кетейік, бүгін қаңтар оқиғасында қаза тапқандар туралы жаңа мәліметтер келтірілді.

"Атыс кезінде кездейсоқ опат болған 20 азамат туралы нақты білеміз", – деді бас прокурор Берік Асылов.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу