"Абзал Шынасыл "ештеңе айтпаңдар!" деді": Шерзат ісінде үшінші куәгерден жауап алынды

2194

Бүгінгі Шерзат Полат өліміне қатысты сот процесінің 2-бөлімінде үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев жауап беріп жатыр. 

"Абзал Шынасыл "ештеңе айтпаңдар!" деді": Шерзат ісінде үшінші куәгерден жауап алынды Фото: видео скриншот

Оған әуелі сот Ержан Жанұзақовтың өзі біраз сұрақ қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Сіз сотталушыларды танисыз ба? 

– Тек Ілияс Нұрқияс пен Шынасыл Абзалды танимын. 

– Қашаннан бері? 

– Көп болған жоқ, жақында досымның фазендасында таныстық. 

– Қанша уақыт болды? 

– Бір жыл толмайды. 

– Қалғандарын танымайсыз ба? 

– Жоқ. 

– Бас араздықтарыңыз болып па еді танитын сотталушылармен?

– Жоқ, болмады. 

– Жәбірленушілерден кімдерді танисыз? 

– Ешкімді танымаймын. 

Одан кейін сот сөз кезегін мемлекеттік айыптаушыға берді. Ол оқиғаны рет-ретімен баяндап беруін сұрап, сұрақ қойды. 

– Біз достарымызбен Талғар қаласы орталығындағы әкімдіктің жанында тұрғанбыз. Кейін Қазыкенов Арланға (куәгердің досы – ред.) қоңырау шалдым, келіп достарымызбен сөйлесуге. Қазыкенов Арлан келді, сол кезде Данияр есімді досымның анасы хабарласты. Анасы "Талғарда төбелес болды, сендер қазір қайда жүрсіңдер? деп сұрады. Біз орталықта тұрғанымызды айттық, ол бізге "түспеңдер" деп айтты. Біз оқиға болған жерге үш көлікпен бардық. Біз келгенде екі адам жатты. Көршілері мен 20 шақты адам жүрді. Екеуі де арқасымен жатты, аяғын жинап алған. Екеуі де тірі болды. Артынан сұр түсті Соната көлігі келді де, шеткері жатқан бір адамды салып алды, одан ішімен жатқан екінші адамды салып алды. Сол жерде әйел адам болды, қызғылт түсті бас киім мен жасыл түсті гильзяны алды. Олар көлікке отырып, кетіп қалды. Біз сол жерде тұрдық. Сол кезде полиция қызметикерлері мен жедел жәрдем келді. Көршілері айтты, сол жерде қара мерседес көлігі болды деп, – деді куәгер. 

Куәгер Розыбакиев одан кейінгі оқиғаны былайша баяндап берді. 

– Мен Арланның көлігіне отырдым, ол маған ауылға қарай барып, "Нұрқиясты алып кетеміз" деп айтты. Біз келген кезде ол жерде 6-7 адам болды. Гольф және қара түсті мерседес көлігі тұрды. Келіп амандастық. Қараңғы болды, Нұрқияс "көлікте күтіңдер" деді. Бес минуттан кейін ол келіп "кеттік" деді. Біздің көлікке Ілияс Нұрқияс, Шынасыл Абзал мен бейтаныс бір қыз отырды. Нұрқияс бізге "төмен түсеміз" деп айтты. Мерседес көлігі біздің артымыздан келе жатып, бір кезде жоқ болып кетті. Сосын Нұрқияс "бұрыл да, мерседестің ізіне түс" деді. Біз мерседестің қасына келіп тоқтадық. Сол кезде Абзал, Нұрқияс пен бейтаныс қыз көліктен түсті, Равиль (сотталушылардың бірі) мен тағы бір бейтаныс біздің көлігімізге отырды. Біз төмен қарай түстік, Мерседестің артынан келдік, сол жерде полицейлер жүрді, – деді ол.  

Куәгер көліктегі сотталушылардың әңгімесіне құлақ түрмегенін айтты. Тіпті, оларды іске қатысы бар деп ойламаған. Қолынан қару көрмегенін де жеткізді. 

– Сотталушылардың іске қатысы барын білмедім. Көлікте отырған кезімізде Шынасыл Абзал "ештеңе айтпаңдар" деді, – дейді Ю.Розыбакиев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу