Соған қарамастан, тұтынушылық несие көлемі әлі азаяр емес, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Керісінше, табысы мен шығысын жоспарламайтын, бір қарызын екіншісімен жауып жүрген азаматтар көбейген сыңайлы. Бұл – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның экономикалық тұрақтылығына әсер ететін маңызды мәселе.
Бүгінде көптеген қазақстандық үшін несие өмірдің бір бөлшегіне айналған. Үй алу немесе кәсіп бастау үшін қарыз алу – қалыпты тәжірибе. Бірақ соңғы жылдары тұрмыстық техника, телефон, демалыс, тіпті күнделікті тұтыну тауарларын да бөліп төлеуге немесе несиеге рәсімдеу қалыпты құбылысқа айналды.
Қаржылық сауаттың ең қарапайым ережесі қайсы?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2025 жылдың соңында халыққа берілген бөлшек несиелер көлемі 24,8 триллион теңгеден асып, оның ішінде 16,7 триллион теңгесі тұтынушылық несиелердің үлесіне тиесілі болды. Бұл көрсеткіш қазақстандықтардың табысынан бұрын қарызға сүйенетін тұтыну мәдениеті қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Мамандардың айтуынша, мәселе несиенің өзінде емес. Ең үлкен қауіп – не үшін қарыз алып жатқанын түсінбеу және оны өтеудің нақты жоспарының болмауы.
"Қарызсыз қоғам" жобасының Қызылорда облысы бойынша қаржы сарапшысы Балдырған Мәменнің айтуынша, қаржылық сауаттың ең қарапайым ережесі – кіріс пен шығысты тұрақты есепке алу.
Бір қарағанда бұл тым қарапайым кеңес сияқты көрінеді. Алайда тәжірибе мүлде басқа жағдайды көрсетеді.
Сарапшының сөзінше, көптеген адам өз ақшасының қайда жұмсалатынын білемін деп ойлайды. Бірақ нақты банк қосымшалары мен төлем тарихын қарап шыққанда жағдай мүлдем өзгеше болып шығады.
Мәселен, қаржылық оқуға қатысқан тұрғындардың бірі "24 күнде 385 мың теңге жұмсадым" деп есептеген. Кейін банк операциялары толық сараланған кезде нақты шығын көлемі екі есеге жуық көп болып шыққан. Оның өзі де мұндай айырмашылыққа таңғалған.
Балдырған Мәменнің сөзінше, ай сайынғы табысы шамамен 200 мың теңге болатын азаматтардың жылдық ақша айналымы кей жағдайда 5-7 миллион теңгеге, тіпті 10 миллион теңгеден де асып кетеді. Мұндай айырмашылықтың басым бөлігі қарыз, микронесие немесе қайта қаржыландыру есебінен қалыптасады. Яғни, адам өз ақшасын емес, болашақ табысын алдын ала жұмсап қойғанын байқамайды.
Қаржылық сауат – тәртіптің мәселесі
Көпшілік қаржылық сауатты инвестициямен немесе қор нарығымен байланыстырады. Шын мәнінде оның негізі әлдеқайда қарапайым. Қаржылық сауат – табысты жоспарлау, шығынды бақылау, күтпеген жағдайға қор жинау және болашақтағы ірі шығындарға алдын ала дайындалу. Өкінішке қарай, көптеген отбасы қаржылық жоспарды алдағы бір айға емес, келесі жалақыға дейін ғана құрады. Ал мектепке баратын баланың киімі, студенттің оқу ақысы, үйлену тойы немесе баспананы жөндеу сияқты алдын ала белгілі шығындар көбіне соңғы сәтте ғана еске түседі. Соның салдарынан адамдар банктер мен микроқаржы ұйымдарының қызметіне жүгінеді.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осы жоспарлаудың жоқтығы кейін ұзақ мерзімді қарызға алып келеді.
Бір қарыздың орнына екіншісі...
Қазақстанда бір адамның бірнеше несие рәсімдеуі таңғаларлық жағдай емес. Қаржы мамандары тәжірибесінде 15-20 несиесі бар азаматтардың кездесетінін айтады. Тіпті 20 жасқа толмаған жастардың ондаған микронесие рәсімдеген жағдайлары да тіркелген.
Одан да алаңдатарлығы – кейбір азаматтар қаржы пирамидаларының белгілерін біле тұра, жоғары табысқа қызығып, оған ақша салуын жалғастыра береді.
Бұл жерде мәселе тек ашкөздікте емес. Экономистер мұны қаржылық білімнің жеткіліксіздігімен, тәуекелді бағалай алмаумен және жылдам пайда табуға деген психологиялық ұмтылыспен байланыстырады.
Соңғы жылдары мемлекет те халықтың шамадан тыс қарыздануын шектеуге бағытталған бірқатар өзгеріс енгізді. 2025 жылдан бастап тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне қойылатын шекті талаптар қатаңдатылып, қарыз алушыларды қорғауға бағытталған жаңа нормалар күшіне енді.
Алайда заңнамалық өзгерістердің өзі азаматтың жеке қаржысын жоспарлау мәдениетін алмастыра алмайды. Себебі қаржылық тұрақтылық ең алдымен адамның өз әдетінен басталады.
Қаржылық сауат – табыстың көптігі емес, ақшаны дұрыс басқару
Қаржылық тұрақтылыққа жету үшін міндетті түрде жоғары жалақы алу қажет деген түсінік көпшілік арасында қалыптасқан. Алайда қаржы саласының мамандары бұл пікірмен келіспейді. Олардың айтуынша, адамның әл-ауқатын айқындайтын басты фактор – табыстың мөлшері емес, сол қаражатты тиімді басқару қабілеті.
Қазақстанда ай сайын 300-400 мың теңге табыс табатын, бірақ үнемі қарызға тәуелді отбасылар да бар. Керісінше, одан әлдеқайда аз жалақы алса да, қаржысын жоспарлап, жинақ қалыптастырып жүрген азаматтар кездеседі. Бұл айырмашылықтың негізгі себебі – қаржылық тәртіп.
Мамандар кез келген отбасы ең алдымен ай сайынғы міндетті шығындарын, тұрақты табысын және күтпеген жағдайларға арналған қорын нақты жоспарлауы керек екенін айтады. Егер адам әр айдың соңында қанша ақша жұмсағанын емес, әр айдың басында қаржысын қалай бөлетінін анықтап отырса, қарызға тәуелділік те азая бастайды.
Ақшаны басқарудың қарапайым тәсілі қандай?
Экономистер ұсынатын ең тиімді әдістердің бірі – "алдымен өзіңе төле" қағидасы. Яғни жалақы түскен күні-ақ табыстың белгілі бір бөлігін жинаққа аудару.
Көпшілік ай соңында артылған қаржыны ғана жинауға тырысады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, ай соңында көбіне ақша қалмайды.
Қаржы сарапшылары табыстың кем дегенде 10-20 пайызын жинақтауға кеңес береді. Бұл қаражат күтпеген шығындарға, денсаулыққа, білімге немесе ірі сатып алуларға жұмсалуы мүмкін. Ең бастысы – ол күнделікті тұтынуға арналмауы тиіс.
Сонымен бірге мамандар барлық шығынды төрт негізгі топқа бөлуді ұсынады:
– міндетті төлемдер (азық-түлік, коммуналдық қызмет, несие, жол ақысы);
– болашаққа арналған жинақ;
– инвестиция немесе білімге жұмсалатын қаражат;
– жеке қажеттіліктер мен демалыс.
Осындай қарапайым жүйенің өзі бірнеше айдың ішінде қаржылық тәртіп қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қарыздың ең қауіпті түрі – микронесие
Соңғы жылдары Қазақстанда микроқаржы ұйымдарының қызметіне жүгінетіндердің саны артты. Оның басты себебі – рәсімдеудің жеңілдігі мен ақшаның бірнеше минут ішінде берілуі. Бірақ мұндай несиелердің басты қаупі – олардың жоғары құны.
Көп жағдайда азаматтар шағын соманы уақытында қайтара алмай, үстіне өсімпұл қосылып, кейін оны басқа қарызбен жабуға мәжбүр болады. Нәтижесінде "қарыз шеңберінен" шығу барған сайын қиындай түседі.
Сарапшылар мұндай жағдайдың алдын алудың жалғыз жолы – несие алмас бұрын үш сұраққа жауап беру дейді:
Біріншісі, бұл зат маған дәл қазір шынымен қажет пе?
Екіншісі, осы сатып алуды бірнеше ай күтіп, өз қаражатыма ала аламын ба?
Үшіншісі, табысым азайып кетсе де, ай сайынғы төлемді қиындықсыз өтей аламын ба?
Егер осы сұрақтардың біреуіне нақты жауап болмаса, қарыз алуды кейінге қалдырған жөн.
"Көп жағдайда адам зат емес, эмоция сатып алады"
Қаржылық сауат мәселесі тек экономикалық біліммен шектелмейді. Мамандардың айтуынша, адамдардың орынсыз шығынға ұрынуының астарында психологиялық факторлар да жатыр. Сондықтан, "неге қажетсіз зат сатып аламыз?" деген сұраққа тек қаржыгерлер емес, психологтар да жауап іздейді.
Психологтардың пікірінше, импульсивті сауда – көбіне эмоцияны уақытша басудың тәсілі. Адам күйзеліске түскенде, шаршағанда, өзін бағаламай жүргенде немесе көңіл күйі түскен кезде жаңа зат сатып алу арқылы қысқа мерзімді қуаныш сезімін бастан кешіреді. Мұндай сәтте мида "дофамин" деп аталатын ләззат гормоны бөлініп, адам өзін уақытша жақсы сезінеді. Алайда бұл әсер ұзаққа созылмайды. Біраз уақыттан кейін эмоция басылып, оның орнын "неге бұны алдым?" деген өкініш басады.
Психологтардың айтуынша, әлеуметтік желілер де тұтынушылық мінез-құлыққа айтарлықтай ықпал етеді. Басқалардың сәнді өмірі, қымбат көлігі, брендтік киімі немесе шетелдегі демалысы туралы жазбаларды күн сайын көру адамның өзін өзгемен салыстыруына әкеледі. Соның салдарынан кейбір адамдар өз мүмкіндігінен тыс шығынданып, әлеуметтік мәртебесін зат арқылы көрсетуге тырысады.
Тағы бір кең таралған себеп – маркетингтің ықпалы. "Тек бүгін ғана", "соңғы мүмкіндік", "жеңілдік аяқталуға санаулы сағат қалды" деген жарнамалар адамның асығыс шешім қабылдауына әсер етеді. Мамандар мұндай жағдайда сатып алуды кемінде бір тәулікке кейінге қалдыруға кеңес береді. Егер 24 сағаттан кейін де сол заттың расымен қажет екеніне көзіңіз жетсе ғана сатып алған дұрыс.
Психологтар сондай-ақ бала кезден қалыптасқан қаржыға қатысты көзқарастың да маңызды екенін айтады. Егер адам ақша туралы тек тапшылық, қорқыныш немесе "бәрі сияқты өмір сүру керек" деген түсінікпен өскен болса, ересек өмірде де қаржылық шешімдерді көбіне эмоцияға сүйеніп қабылдайды.
Сондықтан, қаржылық сауат тек кіріс пен шығысты есептеуді ғана емес, өз эмоциясын бақылауды да талап етеді. Өйткені ақшаны басқару – ең алдымен өз мінез-құлқыңды басқарудан басталады.
Интернет алаяқтарының құрбаны болмау да – қаржылық сауаттың бір бөлігі
Цифрлық технологиялардың дамуы қаржылық қауіпсіздік мәселесін бұрынғыдан да өзекті етті. Бүгінде алаяқтар жалған банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе байланыс операторының атынан хабарласып, азаматтардың ақшасын иемденудің түрлі тәсілдерін қолданады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірнеше рет азаматтарды жеке деректерді, SMS-кодтарды, банк картасының мәліметтерін және мобильді банкингтің құпия сөздерін ешкімге бермеуге шақырды.
Соңғы жылдары инвестициялық платформаларға ұқсатып жасалған жалған сайттар мен әлеуметтік желідегі "жеңіл табыс" туралы жарнамалар да көбейді. Мұндай схемалардың басым бөлігі қаржы пирамидаларының жаңа үлгісі болып табылады.
Сарапшылардың айтуынша, қысқа уақытта жоғары табыс уәде ететін кез келген ұсыныс күмән тудыруы тиіс. Өйткені заңды инвестиция жоғары табыспен қатар әрдайым тәуекелді де қатар алып жүреді.
Қаржылық мәдениет отбасыдан басталады
Қаржылық сауатты қалыптастыруды мектептен немесе университеттен ғана күту жеткіліксіз. Бұл – ең алдымен отбасыда қалыптасатын дағды.
Баланың ақшаға деген көзқарасы ата-анасының әрекетіне қарап қалыптасады. Егер отбасы бюджеті бірге жоспарланып, балаларға жинақ жасаудың, мақсат қоюдың, еңбектің құнын түсіндірудің үлгісі көрсетілсе, олар ересек өмірде қаржы мәселесіне әлдеқайда жауапкершілікпен қарайды.
Сондықтан сарапшылар балаларға ерте жастан қалта ақшасын дұрыс жұмсауды, қажеттілік пен артық шығынның айырмасын түсіндіруді маңызды деп санайды.
"Ақша деген – су" деген сөзді жиі айтамыз. Бірақ шын мәнінде су емес, бақылаусыз қалған ақша ғана із-түзсіз жоғалады.
Қаржылық сауат – миллионер болудың құпиясы емес. Ол – табысты тиімді пайдалану, шығынды бақылау, қарызға тәуелді болмау және болашаққа сенімді жоспар құра білу.
Қазақстанда бұл бағытта "Қарызсыз қоғам" секілді жобалардың жүзеге асырылуы халықтың қаржылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Дегенмен нақты нәтиже әр адамның өзінен басталады. Бір айлық кіріс пен шығысты қағазға түсіру, мақсатсыз шығындарды қысқарту, қаржылық қор қалыптастыру және несиеге саналы көзқарас таныту – экономикалық тұрақтылыққа бастайтын алғашқы қадамдар.
Бүгінгі уақытта қаржылық сауат жай ғана экономикалық термин емес. Ол әр отбасының тұрмыс сапасына, психологиялық жай-күйіне және болашағына тікелей әсер ететін өмірлік дағдыға айналды.
Сондықтан "ақша қайда кетті?" деген сұрақты ай соңында емес, әрбір шығын жасар алдында қойған әлдеқайда тиімді. Өйткені, қаржы тәртіпті жақсы көреді. Ал тәртіп бар жерде тұрақтылық та болады.