Әділ Ахметов: Бүгінгі медиа форумның басты мақсаты – Орталық Азияны біртұтас мәдени аймақ ретінде көрсету

503

Орталық Азия медиа форумы – медиа саласының даму тенденциялары мен перспективаларын талқылауға бағытталған аймақтағы жетекші алаң.  

Әділ Ахметов: Бүгінгі медиа форумның басты мақсаты – Орталық Азияны біртұтас мәдени аймақ ретінде көрсету Фото: egemen.kz

Халықаралық Жоғары мектеп Ғылым Академиясының академигі Әділ Ахметов Орталық Азия медиа форумын өткізудің маңызын атап өтті, деп жазады inbusiness.kz.

"Геосаяси жағдай тек Орта Азия мемлекеттерін ғана емес, күллі әлемді де қоса алаңдатып отырғаны жасырын емес. Биыл Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының төртінші консультативтік кездесу кезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мынадай ұсыныс енгізген еді: "Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарымыз аймақ елдерінде болып жатқан оқиғалар туралы жаңалық тарату жағынан ақсап тұрғаны байқалады. Мүмкіндігінше, бұл үрдісті өзгерту керек. Бәлкім, бүкілаймақтық телеарна немесе ақпараттық интернет-сайтын ашқан жөн болар. Осы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау үшін Орталық Азияның салалық мекемелері мен ақпараттық агенттіктері басшыларының жиынын тұрақты түрде өткізіп отыру пайдалы болмақ". Осы тұрғыдан келгенде Президенттің бұл ұсынысын іске асыру мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Елордада өтіп жатқан медиа форумның мәні ерекше", - деді спикер Астанада өтіп жатқан Орталық Азия медиа форумында.

Оның айтуынша, бұл форумның басты мақсатына Орталық Азияны біртұтас мәдени аймақ ретінде көрсету жатады.

"Халық арасында айтылатын мынадай бір аталы сөз бар. Ақпарат құралдары – төртінші билік. Шынында да, БАҚ төртінші биліктен кем емес. Егер ақпарат құралдары әділетті жұмыс істейтін болса, оның алынбайтын қамал жоқ. Сондықтан да бүгінгі ұйымдастырылып отырған форумның маңызы арта түседі деген ойдамын", - деді Әділ Ахметов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу