Жиыннан соң партияны құруға бастамашы топтың уәкілетті өкілі Рауан Кенжеханұлы тілшілердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– "Әділет" партиясы әділет қағидасы мен әділет құндылығын негізгі ұстаным етіп отыр. Бұған дейінгі тарихта әділеттілік мәселесі жеткілікті деңгейде көтерілмеген. Енді соның уақыты келді деп есептейміз. Біз өткенге сын айтпаймыз, әр кезеңнің өз міндеті мен басымдығы болды. Бір кезеңде тұрақтылық пен бірлік маңызды болса, бүгінгі күннің талабы – әділеттілік, – деді ол.
Оның сөзінше, "Әділетті Қазақстан" тұжырымдамасымен жаңа партияның идеясы үндес.
– Жаңа Конституцияны талқылау және оны әзірлеу үдерісіне де қатыстық. Сол кезде "әділеттілік" идеясы бізге өте жақын болды. Біздің мақсатымыз – әділеттілікті тек ұран емес, әр азаматтың өмірінде нақты сезілетін қағидаға айналдыру. Әділетсіздікпен күресу – партияның негізгі бағыты, – деді Рауан Кенжеханұлы.
Ол жаңа партияның басқа саяси партиялардан айырмашылығы мен бәсекелестігіне тоқталып өтті.
– Саяси додаға келгеннен соң кез келген партия заң аясындағы барлық мүмкіндікті пайдаланып, бәсекеге түседі. Әрбір саяси күш көрінуге, қолдау жинауға тырысады. Біз біреумен сайысуды мақсат етпейміз, біз еліміздің дамуына кедергі келтіретін мәселелермен күрескіміз келеді. Адамдарға немесе басқа саяси партияларға қарсы емеспіз. Түптеп келгенде бәріміз бір елдің азаматымыз, сондықтан елдің дамуы жолында бәсекелесуіміз керек, – деді партия өкілі.
Съезд алдында мыңға жуық адам қатысқан жиын өтті. Онда әр облыс пен түрлі саладан келген мамандар өз пікірін ортаға салған.
– Әр өңірден, әр кәсіпорыннан мамандар келді. Біз еңбек адамдарының пікірін тыңдап, әділет пен әділеттіліктің маңызы туралы сұрастырдық. Біз ешкімге оппозиция емеспіз, жау іздемейміз. Біздің алдымызда үлкен ортақ міндеттер бар, – деді ол.