Адвокат: Тұңғышбай Жаманқұлов Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу үшін арызданды

461

Арыстанбек Мұхамедиұлына халықаралық көрмелерді өткізуге бөлінген 111 млн теңгені жымқырды деген айып тағылды. Алайда 9 айдан кейін бұл сома өзгерді. 221 млн теңгеге жетті.

Адвокат: Тұңғышбай Жаманқұлов Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу үшін арызданды Фото: primeminister.kz

Актер Тұңғышбай Жаманқұлов Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу үшін арызданды. Бүгін басталған басты сот отырысында экс-шенеуніктің адвокаты осылай деп мәлімдеді. Әрі қорғалушысының денсаулығы жоқ екенін айтып, оны соттан үйқамаққа жіберуді сұрады. Экс-шенеуніктің өзі де сизода жүріп, 2 операция жасатқанын алға тартты. Бірақ судья жұмсақтық танытпады. 

Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот отырысы бекітілген сағат 10-нан кеш басталды. Себебі, ауа райының қолайсыздығынан айыпталушы процесс ғимаратына жеткізілмеді. Ал оны онлайн қосу мұңға айналды. Экс-министрдің адвокаты бұлай жалғаса бермеу керектігін алға тартты. Процестің өзінде төбе көрсетіп, әрі сизодан емес, үйден келіп-кетіп жүрсе жөн дейді. Өйткені Арыстанбек Мұхамедиұлының денсаулығы күн өткен сайын нашарлап бара жатқан көрінеді. Оны зум арқылы қосылған экс-шенеуніктің өзі де айтты. 

Алайда, сот бұл өтінішті қанғаттандырмады. Судья Бағлан Ыдырысов Мұхамедиұлының сырқаты бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз бола алмайды. Сотталушыға медциналық көмек тергеу изоляторында да көрсетіледі. Әрі үйқамаққа жіберу істі обьективті қарауға кедергі келтіреді деді.  

Күн жылынып, жол ашылған соң, сотталушы сот ғимаратына жеткізілді. Бірден денсаулығын сұрадық. 

Экс-министр изоляторда ешкім қысым көрсетпегенін де айтты. Мұхамедиұлымен бюджет қаражатын ұрлады деген айыппен Нұразхан, Көшенов және Сәдуақасовтар сотта жауап берді. Соның бірі экспонат компаниясының директоры Азамат Көшенов сотқа актер Тұңғышбай Жаманқұловаты шақыруды сұрады. Себебі соның арызы негізінде қылмыстық іс қозғалды деді. 

"Кек алу мақсаты. Себебі кезінде Тұңғышбай Жаманқұлов қылмыстық жауапкершілікке ұшырап, сотталды. Ол өзінше Арыстанбек Мұхамедиұлы соған себеп деп ойлаған. Сондықтан бумеранг ретінде сондай арыз тастаған. Кек алу мақсатында. Ал саяси астары жоқ", - дейді Мұхамедиұлының адвокаты Мұстақым Төлеев.

Алайда прокурор Зәкіров оны шақырудың қажеті жоқтығын айтып, айыптау актісін оқыды. 35 минутқа жалғасқан баяндамасында сотталушылар мемлекетке 7 млрд теңге залал келтіргенін жеткізді. 

"Көрмені өз мақсатына жету үшін пайдаланып, Мұхамедиұлы қаржыны жымқыру жоспарын жасаған. Бұл іске өз бетімен қол жеткізе алмайтынын түсінген ол тікелей бағыныштысы, орынбасары Алмас Нұразханды да араластырды. Әрекетінің заңсыздығын түсініп, орынбасарына қол қою құқығын берген. Сондай-ақ қаңтар айында орынбасары Мұхамедиұлымен қылмыстық келісімге келген", - деді Прокурор Еркеғали Зәкіров. 

Негізі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық музей директоры болып тұрған кезінде, былтыр 29 мамырда қамауға алынды. Оған халықаралық көрмелерді өткізуге бөлінген 111 млн теңгені жымқырды деген айып тағылды. Алайда 9 айдан кейін бұл сома өзгерді. 221 млн теңгеге жетті. Енді жәбірленуші тарап бұл сомманы қайдан алынғанын түсіндіруі тиіс. Сот процесі әлі де жалғасады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу