Адвокаттар алқасына мүшелікке өту жарнасы жойылады

2219

Адвокаттар алқасына мүшелікке өту жарнасы жойылады

"Адвокаттық қызмет туралы" заң 1997 жылы қабылданғаны белгілі. Алайда, жуырда "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" жаңа заң қолданысқа енгізілмек. Бұл құжаттың бұрынғыдан өзгешелігі көп. Тиісінше, адвокатура инсититуты дамып, жүйелі жолға қойылады. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық әділет департаментінің басшысы Сағынбай Тұрғарин мәлімдеді. Жаңа заң жобасының нормаларын түсіндіру мақсатында айрықша тетіктерін баяндады, деп хабарлайды atpress.kz.

Біріншіден, бүгінде Атырау облысында 131 адвокат қызмет етуде. Бұл өңірдегі 615 мың халыққа шаққанда 1 адвокатқа 4700 азаматтан келеді. Ал, бұл көрсеткіш шетелде басқаша. Мәселен, Италияда 260 азаматтан, Германияда 500 азаматқа бағамдалған. Яғни, елімізде адвокаттардың жетіспеушілігі байқалады. Қабылданғалы отырған жаңа заң осындай тапшылықты шешуді көздеп отыр. Ол үшін адвокаттар алқасының мүшелігіне өту жарнасы алынып тасталады. Бұрын алқа құрамына ену 800 мың теңгеге дейін құраса, енді мүшелікке кіру жарнасы жойылады. Сөйтіп, адвокаттар саны өсіп, бәсекелік күшейіп, қаламақы төмендейді деп күтілуде.

Екіншіден, азаматтардың адвокаттарға қатысты шағымдары ескерусіз қалмайды. Бұрынғы жүйе бойынша шағым аумақтық адвокаттар алқасына жүктеліп, олар тәртіптік шарамен ғана шектелуші еді. Мысалы, Атырауда 2014 жылдан бері адвокаттардың қызметіне қатысты 9 шағым түсіп, 1 адвокатқа қана "ескерту" берілген. Енді, тұрғындардан түскен арыз дереу Республикалық адвокаттар алқасына жолданады. Нәтижесінде, тәртіптік іс қозғау туралы құзыреттілік кеңейтіліп, адвокаттардың жұмысы қатаң бақылауға алынады.

Үшіншіден, адвокаттар алқасының қаржылық қызметі "ашықтық" қағидатына негізделеді. Яғни, кіріс пен шығыстар туралы мәліметтерге қолжетімділік артады. 

Төртіншіден, "Е-адвокатура" ақпараттық жүйесі енгізіледі. Мұнда статистикалық мәліметтер, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне орай бекітілген адвокаттар тізімі т.б. жарияланбақ.

Бесіншіден, адвокаттардың біліктілігін арттыру мәселесі жүйелі жолға қойылады. Бұрын оның белгілі бір кезеңі анықталмаған еді. Енді, жыл сайын біліктілік арттыру міндетті тетігі іске қосылмақшы.

Алтыншыдан, "pro bono – қоғам игілігі үшін" деген тәжірибе енгізіледі. Тиісінше, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына тегін заңгерлік қызмет көрсетіледі. Оны алу құқығына өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1 және 2 топ мүгедектері, зейнеткерлер ие болады. Бұрынғы Заң бойынша адвокаттар бұл санаттағы адамдарға тегін қызмет көрсеткенімен, қаржысы мемлекет есебінен аударылатын. Енді, тегін заңдылық көмек өтеусіз негізде жүргізіледі деп жоспарлануда. 

Міне, халықтың талқылауына бағытталған жаңа заңның негізгі принциптері осындай. Мақсат – халықты қолжетімді және сапалы заң көмегімен қамтамасыз етіп, еліміздегі адвокатура институтын дамыту болып табылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу