Отырысқа жұмыс тобының құрамына енген мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың және салалық компаниялардың өкілдері қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев төрағалық етті.
Талқылау барысында конкурстық комиссияның ережесі мен құрамы бекітілді. Оның құрамына жұртшылық өкілдері, креативті индустрия мамандары, сондай-ақ атом энергетикасы, филология және тарих салаларының сарапшылары кірді.
Бұдан бөлек, өтінімдерді беру және қарау тәртібін, оларды бағалау өлшем шарттарын және қорытынды шешім қабылдау рәсімдерін айқындайтын конкурсты өткізу ережесінің жобасы қаралды.
Жұмыс тобының мүшелері атом электр станциясының атауын айқындау шешімі бірқатар факторларды ескере отырып қабылданатынын атап өтті.
Конкурстық комиссия ұсыныстарды атаудың танымалдылығы, тарихи және мәдени маңыздылығы, атом энергетикасының имиджіне сәйкестігі, әуезділігі, есте сақтаудың жеңілдігі, бірегейлігі және өзіндік ерекшелігі секілді өлшем шарттар бойынша бағалайды.
Сонымен қатар, қорлайтын немесе кемсітушілік сипаттағы сөздерді, бей әдеп лексиканы, коммерциялық брендтерді қамтитын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын және үшінші тұлғалардың құқықтарын, оның ішінде авторлық құқықты бұзатын атаулар қабылданбайды.
Азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық шешімдерді қолдану жоспарлануда. Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп, өтінімдерді eGov Mobile қосымшасы арқылы қабылдау жөнінде ұсыныстар енгізді.
Отырыстың қорытындысы бойынша конкурстың негізгі ұйымдастырушылық құжаттары бекітіліп, оны өткізу бойынша алдағы қадамдар айқындалды.
Болашақ атом электр станциясына атау беру жөніндегі конкурс азаматтарды тартудыңмаңызды құралына айналып, елдің мәдени жәнетарихи құндылықтарын айқындауға мүмкіндік береді.