АЭС маңындағы ауыл тұрғындарына өтемақы төлене ме? – әкім жауап берді

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында айтты. 

АЭС маңындағы ауыл тұрғындарына өтемақы төлене ме? – әкім жауап берді Фото: ortcom_kz

Өңір басшысына БАҚ өкілдері тарапынан "Болашақ "Балқаш" АЭС-іне жақын тұрған ауыл тұрғындарына өтемақы беріле ме?" деген сұрақ қойылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Өз кезегінде Марат Сұлтанғазиев Үлкен ауылын мысалға алып, онда шамамен 1700 тұрғын барын жеткізген. Ауыл Балқаш көліндегі түбекте орналасқанын да назардан тыс қалдырмады. 

– Қазіргі уақытта өтемақы немесе қандай да бір экологиялық төлемдер төлеу туралы мәселе талқыланып жатқан жоқ, себебі зиян бар не зиян жоқ екені туралы нақты қорытынды жасалмады. Біздің түсінуімізше, Атом энергетикасы агенттігі экологияға да, халыққа да зияны болмайтын заманауи АЭС салу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. 

Біздің тарап қазір индустриялық аймақты дамытуға күш салып жатыр. Бұл жергілікті халықтың сол жерде жұмыс істеуіне, тауар, жұмыс, қызмет түрлерін ұсынып, АЭС-ке қатысты жобаларға қатысуына мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі. 

Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, мұнан соң өңірде туризмді дамыту өзекті санала түспек. 
Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы тамыз айында басталды. Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен "Росатом" басшысы Евгений Лихачев жобаның ресми түрде басталғанын хабарлағанды. 

Жақында ғана Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке атау беру бойынша конкурс ресми түрде аяқталған болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу