АЭС салу жобасы құрылысқа дайындық кезеңінде тұр – агенттік

157

Тиісті кезең кешенді инженерлік зерттеулер жүргізуді, қажетті рұқсат алу процедураларынан өтуді және болашақ станцияның инфрақұрылымын дайындауды қамтиды.

АЭС салу жобасы құрылысқа дайындық кезеңінде тұр – агенттік Фото: жи

Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі редакцияның сауалына берген жауабында хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Агенттіктің мәліметінше, Қазақстанда атом электр станциясын салу ең алдымен елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру қажеттілігінен туындап отыр.

"Өнеркәсіптің дамуы, халық санының өсуі және экономиканың цифрландырылуы нәтижесінде елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл ретте бүгінде электр энергиясының шамамен 70% көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларында өндіріледі, олардың едәуір бөлігінің тозу деңгейі жоғары. Осыған байланысты жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу, қолданыстағы қуаттарды кезең-кезеңімен жаңарту және электр энергиясын өндіру көздерін әртараптандыру маңызды. Атом энергетикасының басты артықшылығы – ауа райы жағдайлары мен жыл мезгіліне қарамастан тәулік бойы электр энергиясын тұрақты, сенімді, және парниктік газдарды бөлмей өндіру мүмкіндігі. Атап айтқанда, жалпы қуаты 2 400 МВт болатын алғашқы атом электр станциясы жылына шамамен 19 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіре алады", – делінген редакция тілшісінің сауалына берілген жауапта.

АЭС-ті пайдалануға беру электр энергиясының тапшылығын азайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, еліміздің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттыруға және экономиканың одан әрі дамуы үшін қажетті қуат резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, атом энергетикасын дамыту еліміздің электр энергиясына деген қазіргі және болашақ қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылған.

"АЭС құрылысы еліміздің технологиялық дамуына, отандық өнеркәсіптің әлеуетін арттыруға және жоғары білікті мамандар даярлауға елеулі ықпал етеді. Атап айтқанда, машина жасау, металлургия, электротехника, құрылыс және цифрлық технологиялар салаларының дамуына, жаңа өндірістерді құруға, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуға және озық технологияларды игеруге мүмкіндік береді. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Үкіметтің 2026 жылғы 14 мамырдағы № 400 қаулысымен өндірісті жергіліктендіру жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Сонымен қатар, отандық кәсіпорындарды АЭС жобаларына тарту мақсатында әлеуетті өнім берушілердің тізілімін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 23 қыркүйектегі № 835 қаулысымен атом саласы үшін кадр даярлаудың 2027 – 2031 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітілді. АЭС құрылысы кезеңінде 10 мыңға дейін адамды жұмыспен қамту, ал пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың тұрақты жұмыс орнын құру көзделуде. Кадрлық әлеуетті дамыту бағытында отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың мүмкіндіктері пайдаланылуда", – деп хабарлады Атом энергиясы жөніндегі агенттік.

Белгілі болғандай, мамандар даярлау тек ядролық физика және техникалық физика бағыттарымен шектелмей, энергетика, электротехника, жылу энергетикасы, машина жасау және басқа да сабақтас мамандықтарды қамтиды.

"Атом электр станциясын салу – жоғары технологиялық, күрделі әрі ұзақ мерзімді жоба. Сондықтан оны іске асыруда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор. Ең алдымен, халықаралық әріптестік атом энергетикасы саласындағы озық технологияларды, тәжірибені және халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қолдануға мүмкіндік береді. Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ), сондай-ақ атом энергетикасы дамыған елдермен белсенді ынтымақтастық жүргізуде. Біздің басты мақсатымыз – халықаралық тәжірибені тиімді пайдалана отырып, атом электр станциясының қауіпсіз әрі сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету және еліміздің атом энергетикасы саласындағы ұлттық әлеуетін дамыту", – деп атап өтті агенттік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында алғашқы АЭС құрылысы келесі жылы басталатынын айтқан болатын. Осыған байланысты қазір бұл бағытта қандай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр деген сұрақ туындайды.

 

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, бүгінде атом электр станциясын салу жобасы құрылысқа дайындық кезеңінде тұр. Бұл кезең кешенді инженерлік зерттеулер жүргізуді, қажетті рұқсат алу процедураларынан өтуді және болашақ станцияның инфрақұрылымын дайындауды қамтиды.

"Алматы облысының Жамбыл ауданында аумақты жан-жақты зерделеу және оның негізгі сипаттамаларын анықтау үшін инженерлік зерттеу жұмыстары аяқталу үстінде. Алынған нәтижелер алдағы жобалаудың және алаңның қауіпсіздігін негіздеу жөніндегі есепті дайындаудың негізі болады. Алдағы жылы инженерлік және көлік инфрақұрылымын, су және электрмен жабдықтау жүйелерін, сондай-ақ инженерлік коммуникациялар мен байланыс желілерін дамыту жоспарланып отыр", – делінген жауапта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу