"Аграрлық ғылымның тағдыры 7 адамның қолында": Құрылтай депутаты мәселе көтерді

434

Депутат бірқатар ұсыныс тастады.

"Аграрлық ғылымның тағдыры 7 адамның қолында": Құрылтай депутаты мәселе көтерді Фото: aikyn.kz

Құрылтай депутаты Алмас Мухаметов өзінің депутаттық сауалында аграрлық ғылым қолдау жоқтығынан тұралап тұрғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, кезінде 3 аграрлық университет, 31 ұйым жалпы ғылым жүйесінен бөліп алынып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қаратылды. 

"Олардың жұмысын қазір небәрі 7 қызметкерден тұратын департамент үйлестіреді. Ортақ ғылыми жүйенің ажырамас бөлігі аграрлық ғылым тағдыры 7 адамның қолында. Ақылға сыймайды. Біз Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын барлық еншілес ұйымымен Ғылым және жоғары білім министрлігі қарамағына беруді, ал Ауыл шаруашылығы министрлігіне салаға қажет ғылыми жұмыстарды анықтау міндетін қалдыруды ұсынамыз. Міндет нақты болса, нәтиже сәтті болады. Бұл Президентіміздің агротехнологиялық хаб құру туралы тапсырмасының институционалдық тұғырын нығайтады", – делінген депутаттық сауалда.

Алмас Мухаметовтың пікірінше,  ғылыми жобалар конкурсы жыл сайын дерлік кеш жарияланады. Қаржы кеш түскендіктен зерттеулер тоқтап, жас ғалымдар табыссыз қалғандықтан, басқа салаға кетіп жатыр. 2025 жылы еліміздегі зерттеушілер саны 6 мың адамға азайған. Бұл – дабыл қағатын жағдай, дейді ол.

"Еліміздегі 14 мыңға жуық жас ғалымның соңғы төрт жылда тек сегіз жүзі ғана ипотекаға қол жеткізген. Аграрлық ғылыми-зерттеу институттарының көбі жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген.  Ал бұл мәртебеге "Отбасы банкте" жеңілдік шарттары қарастырылмаған. Біреуге бұйырған – басқаға арман. Ғалымы жағдайсыз елдің ғылымы жасампаз болмайды.  Мемлекет қаржыны кеш бөлгенде жас ғалымдардың еңбек өтілі мен зейнетақы аударымдарында үзіліс пайда болады. Ал "Болашақ" бағдарламасы олардың үздіксіз болуын талап етеді", – деп атап өтті депутат.

Осыған байланысты депутат Үкіметке:  

  1. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын еншілес ұйымдарымен бірге Ғылым және жоғары білім министрлігіне беруді;
  2. Ғылыми жобалар байқауында мерзім сақталуын қатаң бақылауға алуды;
  3. Жас ғалым мен кіші ғылыми қызметкерлерді қаржылай қолдау тетігін қарастыруды;
  4. Аграрлық ғалымдарға жеңілдікпен ипотека алу, "Болашақ" және "Дипломмен – ауылға!" бағдарламалары шарттарын оңтайландыруды;
  5. Сараптама ашық жүргізуді, жас ғалымдарға гранттарды көбейтуді ұсынды.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу