Аграрлық секторды субсидиялау тетіктері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң сараптамадан өтеді – АШМ

717

Адами фактордың әсерін болдырмау үшін саланы цифрлық форматқа көшіру жоспарлануда.

Аграрлық секторды субсидиялау тетіктері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң сараптамадан өтеді – АШМ

Қазіргі уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер бірлесіп, анықталған проблемаларды жүйелі түрде қарайтын және шешу жолдарын әзірлейтін арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

"2021 жылдың 9 тамызы мен 20 қыркүйек аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Тексеру мерзімі екі рет 30 қыркүйекке дейін және 15 қазанға дейін ұзартылды. Тексеру жүргізу кезінде саланы субсидиялау бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге талдау жасалды, орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар әзірленді. Ауылшаруашылығын субсидиялаудың жаңа тәсілдері дайынлалды. Олар субсидиялау бағыттарын оңтайландыруды және олардың тетіктерін жеңілдетуді көздейді", – деп жазылған АШМ таратқан хабарламада. 

Бұдан басқа, шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысандарына қарамастан, барлық субъектілер үшін мемлекеттік қолдау шараларының тең қолжетімділігі қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ субсидия алушылардың нақты индикативтік көрсеткіштермен түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу бойынша қарсы міндеттемелер алуы арқылы олардың жауапкершілігін арттыратын нормалар енгізіледі. 

Сонымен қатар асыл тұқымды мал шаруашылығының заңнамалық базасын одан әрі жетілдіру, оған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын болдырмайтын қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жұмыс жүргізілуде. Тиісті заң жобасы қазір ҚР Парламенті Мәжілісінде қарастырылуда. Адами фактордың бұл процестерге әсерін болдырмау мақсатында жануарларды есепке алу және жануарлар туралы ақпаратты АШЖБ (ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру) дерекқорына беруді автоматтандыру бойынша ветеринария саласының қызметін цифрлық форматқа көшіру жоспарлануда.

"Жалпы субсидиялау тетіктерін жетілдіру бойынша ұсынылатын шаралар барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілермен талқыланатын болады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң сараптамадан өтеді. Бұл саланың дамуына және Президент қойған міндеттердің орындалуына ықпал ететін ауылшаруашылығын субсидиялаудың тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді", – деп жазылған АШМ таратқан хабарламада. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу