АШМ: Агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру нарығы кеңеюде

645

Биыл ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге 176,1 млн теңге сомасында субсидия төленді.

АШМ: Агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру нарығы кеңеюде

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сақтандыру сыйақыларының бір бөлігі субсидияланатын сақтандыру өнімдерін әзірлеп, бекіткен болатын. Қазіргі таңда бұл тізімде сегіз бағыт бар, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Атап айтқанда өсімдік шаруашылығында топырақтың ылғал тапшылығы индексі бойынша 3-фазада сақтандыру, топырақ ылғал тапшылығы индексі бойынша 2-фазада сақтандыру, топырақтың артық ылғалдылық индексі бойынша сақтандыру, күздік дақылдарды топырақтың ылғал тапшылығы индексі бойынша сақтандыру. Ал мал шаруашылығында ірі қара малды сақтандыру, ұсақ малды сақтандыру, жылқыларды сақтандыру, құстарды сақтандыру. 

"Шаруалар "Agroinsurance" ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, Qoldau.kz сайтында өз активтерін сақтандыра алады. 2021 жылы сақтандыру компаниялары 144,8 мың гектар егінді, оның ішінде 121,3 мың гектар құрғақшылықтан, 23,5 мың гектар топырақтың артық ылғалдылықтан сақтандырды. Топырақтағы ылғалдылықты индекстік сақтандыру бойынша жасалған 112 шарт аясында ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге 176,1 млн теңге сомасында субсидия төленді", – деп жазылған АШМ таратқан хабарламада. 

Сақтандырылған 92 шарт бойынша 825 млн теңге төленді. Мал шаруашылығы саласында 6200 ірі қара мал басы, 354 бас ұсақ мал, 2,1 млн құс басын сақтандыру бойынша 39 шарт жасалған. Сақтандыру сыйақыларын субсидиялау сомасы 51 млн теңге құрады.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы агроөнеркәсіп кешені саласында жаңа сақтандыру жүйесі іске қосылды. Оның бұрыннан жұмыс істеп келген өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру жүйесінен бірнеше ерекшеліктері бар.

Біріншіден, агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру ерікті түрде жүргізіледі. Екіншіден, аграрлық сектордың кез келген бағыты сақтандырылады. Үшіншіден, сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды. Бұл – ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандыруға және сақтандыру шартын жеңілдетуге бағытталған. Сақтандыру сыйақы сомасының 50%-ын мемлекет субсидиялайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу