Жаз шықпай жатып Түркістан облысының шаруалары ағын судың тапшылығын тартып отыр. Тіршілік нәрінің жеттіспеушілігінен кейбір аймақтардағы дихандар көктемгі егіске кешігуде. Қолда бар мәліметке сүйенсек, тек Жетісай ауданының өзінде 2500 гектар жер сорын шаймақ түгілі, әлі алғашқы суын алып үлгермеген. Жағдайдың ушығуына көрші елден келетін су мөлшерінің азайып кетуі және жөндеу жүргізілген каналдардың сапасыз салынуы себеп.
Жетісай ауданындағы әлі күнге суарылмай жатқан жердің ең көбі Мақталы ауылдық округінің аумағында. Аудан әкімдігінің айтуынша мұнда әлі алғашқы суын алып үлгермеген 1400 гектардай жер бар. Жерін өткен айдың басында дайындап қойған шаруалар әлі суара алмағандарына наразы.
"Кепкен соң мен майдың ақырында ексем соры көтеріліп кетеді шит шықпай қалады. Жата береді. Оған кім кінәлі болады. Менің мақта егіп келе жатқаныма 25-30 жыл болды оның бәрін білемін. Мен соған шырылдаймын ғой суды еретек әкеліп беріңдер ертек суарайын деймін",- дейді Жетісай аудандық фермерлер одағының төрағасы Оспан Асанов.
Жер емген жандардың айтуынша осы жылы оларға су бір-біржарым айға кеш берілген. Жағдайдың олай күрделенуін жауаптылар судың басында отырған көршілердің ісімен байланыстырып отыр.
"Шын мәнінде Тәжікстан 1 аптаға жуық су бермей қойды. Одан Өзбекстан. Өйткені барлығы бірге суарды көрші республикалар. Сол себептен су жетпеді. Мынау Мақтарал, Жетісай аудандарына тиісті 120 куб су келуі керек еді, өкінішке орай ол су келмеді. 90 куб келді",- деді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев.
Шаруалардың су тапшылығын тартуына себеп бұлақтың басындағы көршілердің әрекетінен бөлек өзіміздегі каналдардағы жөндеу жұмыстарының сапасыздығы. Мәселен, 2012-2018 жылдары мемлекеттік бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп жөнделген Жетісайдағы К-30 каналынан қазір шаруалар тиісті деңгейде су ала алмай отыр.
Дихан Бауыржан Мырзабасов жері мемлекеттің миллиардтаған теңгесіне жөнделген К-30 каналының жағасында. Канал жөнделгелі шаруаның алатын өнімі азайған. Өйткені су арнасы жөнделгенде тиісті талаптар сақталмаған.
"Шлюзіміздің жөнді істелмегенінен судың бері қарай зәктеп тұруы мына диханшылықты құртады. 10-15 соттығымызды құртады. Зәктеп ұрып тас қылып қатырып тастайды. Сол мынау егіп қойған егіннің бәрі қатып сарғайып өледі",- деп уайымын білдірді шаруа Бауыржан Мырзабасов.
Сапасыз құрылыстың бұл тек бір шаруаға тигізген әсері. Шын мәнінде канал құрылысындағы олқылықтан жүздеген дихан зардап шегіп отыр.
"К-30 каналы бойынша туындаған мәселелер көп. Дұрыс оны біз бірнеше мәрте көрдік. 6 млрд 78 млн теңге қаражат бөлініп оның 3,6 млрд теңгесін "Кернеу" ЖШС қаржы жұмсап 2,4 млрды қап кеткен. 28 отводтың ішкі жүйедегі Кернеу жасап 28-і сапасыз салынған", деп атап өтті "ҚазСуШар" РМК Жетісай өндірістік бөлімшесінің басшысы Орынбасар Тастанов.
Су ағысын тежейтін құрылғылардың сапасыздығынан әсіресе каналдың жоғары жағында орналасқан шаруалар зардап шегеді. Себебі, төмендегі тоғандар суды ұстауға шыдас бермеген соң оларға су жетпейді.
Каналдар суды жеткізіп бере алмаған соң бүгінгі таңда Жетісайда біраз шаруа өзінің егістік алқабын мынандай маторлардың көмегімен суландырға мәжбүр. Ал, бұл артық шығын. Өйткені, бір маторды бір тәуләк жалдау құны шамамен 50 мың теңгені қажет етеді.
Бүгінде шаруаларды шырылдатқан мәселелер бойынша арнайы хаттама түзіліп тиісті орындарға жолдануда. Мәселенің қалай шешілетіні уақыт еншісінде қала бермек.