banner

АХҚО-ны Литва банкі ілгері сүйрейтін болды

1066

Қазіргі уақытта "Литва банкімен" сарапшылар деңгейінде "еуропалық және азиялық юрисдикциялардың арасын жалғастырушы тетіктерді құру" мәселесі қарастырылуда. 

АХҚО-ны Литва банкі ілгері сүйрейтін болды

Қазақстан мен Литва арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық ұзақ жылғы "стагнациядан" шықты. Бұл қарым-қатынастардың ғаламат қарқын алғаны сонша, бір жыл ішінде Литва Қазақстанның Балтық және Солтүстік Еуропа елдеріндегі ең ірі сауда әріптесіне айналған.

Бұл туралы бүгін еліміздің сыртқы істер министрлігі хабарлады. Жалпы, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Литва Қазақстанмен сауда-экономикалық қарым-қатынастардың өркендеуі жөнінен бүкіл Еуропалық одақ елдерінің арасындағы алғашқы "ондыққа" еніп отыр.

Биылғы жылғы сегіз ай ішінде де өзара тауар айналымы артқан. Ресми мәліметтер бойынша, өзара сауда-саттығымыз 527 миллион долларды құрады. Яғни, бір миллиардтық межеге жақындап келеді. Салыстыру үшін айтсақ, бүкіл 2017 жыл бойында бұл көрсеткіш 722 миллион долларды құрапты. Бұл шағын мемлекет ЕО-дағы әріптестеріміздің "ондығындағы" өз орнын биіктете беруге ниетті.

"Қалай болғанда, осы көрсеткіштер мемлекеттеріміздің екіжақты сауда айналымында ұдайы төмендеу үрдісі байқалған жағдайдан шығып келе жатқанын көрсетеді. Екі ел осы жағымды үрдісті нығайтуға ниетті. Тараптар оған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Литва үкіметаралық комиссиясының белсенді жұмысы ықпал ететіндігіне сенімді. Оның отырысы келесі жылдың басына жоспарланып отыр", – деп хабарлайды сыртқы саясат ведомствосы.

Осы орайда Вильнюске сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастаған үлкен қазақстандық делегация келді. Дәл осы күні Литва сыртқы істер министрлігінің делегациясын Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қабылдады.

Келіссөздер барысында қос ел "жаңа экономика" деп аталатын саланы дамытуда бірлесіп қимылдауға уағдаласқан. Қазір Вильнюс Еуропадағы қаржылық технологияларды (Fintech) дамытудың жаңа орталықтарының біріне айналуда. Ал Қазақстанның елордасы халықаралық қаржы орталығын ашып, өңірлік қаржылық хаб қызметін атқаруға тырысуда. Бұл ретте қазіргі уақытта "Литва банкімен" сарапшылар деңгейінде "еуропалық және азиялық юрисдикциялардың арасын жалғастырушы тетіктерді құру" мәселесі қарастырылуда. Бұл Қазақстан мен Литваның өңірлік қаржы орталықтары ретіндегі позицияларын одан әрі нығайтуға қуатты серпін береді.

2018 жылдың мамыр айында Астана мен Вильнюс арасында тікелей әуе қатынасы ашылды.

Екі ел білім және ғылым саласындағы байланыстарды да кеңейтпек. Жалпы алғанда, 150-ге жуық қазақстандық студент жыл сайын Литваның жоғары оқу орындарында білім алып, тағылымдамадан өтуде. Литвалық тараптың айтуынша, соңғы 6 жылда Қазақстанның бір мыңға жуық азаматы осы елде жоғары білім алған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу