ЭКСПО-2017 ұйымдастырушысының кеңсесінде "Астана ЭКСПО-2017" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бас хатшысы Рашид Әлімовпен кездесті, деп хабарлайды ЭКСПО-2017 баспасөз қызметі.
Тараптар халықаралық мамандандырылған көрмеге дайындықты, сондай-ақ Қазақстан астанасында ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу күнінде жұмысын бастайтын ШЫҰ мүше мемлекеттері басшыларының Саммитін талқылады.
"ШЫҰ-ның бұл Саммиті тарихи оқиға болмақ. Басты ерекшелік – дәл сол 9 маусымның кешінде біз Астанада өзге, бұдан да мықты ұйымды қабылдаймыз", – дейді ШЫҰ бас хатшысы Рашид Әлімов.
Ол ШЫҰ үшін өзінің павильонына ие болып, сол арқылы ұйымның қоршаған ортаны жақсартудағы үлесі мен экологиялық бағдарламаларды қолдап отырғанын көрсету өте маңызды екенін айтты. ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында ШЫҰ Қытайда көрме және өз павильонының тұсаукесерін өткізбекші.
Естеріңізге саламыз, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтеді.