АИ-95 маркалы бензин бойынша импортқа қажеттілік бар ма? – вице-министр жауабы

362

Бүгінгі таңда АИ-95 маркалы бензин Павлодар және Шымкенттегі зауыттарда өндіріліп жатыр.

АИ-95 маркалы бензин бойынша импортқа қажеттілік бар ма? – вице-министр жауабы Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Еуразиялық KAZENERGY форумының баспасөз залында Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенжанов айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Павлодар және Шымкенттегі зауыттар АИ-95 маркалы бензинін өндіру бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр. Сол себептен қор толығып жатыр. Соңғы екі күндегі динамикаға қарайтын болсақ, бензин қоры толығып жатқанын байқауға болады", - деді ол тілшілердің сауалына берген жауабында.

Бұл ретте Ерлан Ақкенжанов бензин импорты қажет болмауы мүмкін екенін де жасырмады.

"Біздің есептеулерімізге сәйкес, импорт қажеттілігі болмауы мүмкін деген үрдісті байқап отырмыз. Бүгінгі таңда АИ-95 маркалы бензинінің бағасы 250-260 теңге аралығында. Бензиннің бұл түрін мемлекет реттемейді. Біз (ред. – Энергетика министрлігі) оның қоры және өндірісін қарап отырамыз, бірақ баға конъюнктурасы нарық пен жанар-жағармай құю бекеттер желісінің компанияларына байланысты. Менің ойымша, қазақстандық бензин бағасы өзгермеуі мүмкін. Мұнай өнімдеріне баға белгілеу тәртібіне сәйкес, баға олардың өзіндік құнына сәйкес белгіленеді. Егер де ресейлік импорт болса, онда жанар-жағармай құю бекеттер желісінің компаниялары бағаны олардың өзіндік құнына сәйкес белгілеуі тиіс. Бүгінгі таңда Ресей Федерациясында бензин бағасы айтарлықтай құлдырауда, тоннасына шамамен 25 мың рубльге дейін. Бұл ашық дереккөздерде жазылған. Сол себепті егер импорт болса және осылай бағаның құлдырауы жалғаса беретін болса, онда бензин бағасы біздегі көрсеткішпен бірдей болуы да мүмкін", - деді Ерлан Ақкенженов.

Айта кету керек, Ресей Федерациясымен 40 мың тонна бензинді жеткізудің индикативті балансына қол қойылған. Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына жабылғанын да жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу