Кездесу барысында екі ел арасындағы мәдениет, өнер және креативті индустриялар саласындағы әріптестіктің бүгінгі ахуалы мен оны одан әрі дамыту мүмкіндіктері сөз болды.
Аида Балаева креативті индустрия бағытындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық тарап жетекші италиялық брендтермен байланыс орнатуға, жас дизайнерлерге арналған бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруға, арнайы мектептер ашуға, сондай-ақ шығармашылық коллаборациялар мен ірі сән жобаларын ұйымдастыруға қызығушылық танытады.
Сондай-ақ тараптар бейнелеу өнері саласындағы байланысты кеңейту мәселесін талқылады. Бұл бағытта ортақ көрмелер ұйымдастыру, суретшілер мен мүсіншілерге арналған тәжірибе алмасу бағдарламаларын іске асырудың маңыздылығы айтылды.
Бұдан бөлек, театр саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп, бірлескен спектакльдер әзірлеу мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде Италияның Қазақстандағы Елшісі кинематография мен халықаралық копродукция бағытындағы серіктестікті нығайтуды, сондай-ақ өнер және креативті индустрияда еңбек ететін әйелдерге арналған тәжірибе алмасу бағдарламасын іске қосуды ұсынды.
Кездесу қорытындысында екі тарап Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, мәдени диалогты кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.