Бұл жүйе азаматтардың қаржылық тәуекелдерін азайтып, денсаулық сақтау саласын сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ел бойынша 17 млн адам, яғни халықтың 82 пайыздан астамы МӘМС жүйесінде сақтандырылған.
– Оның ішінде 12 млн-нан астам азамат жеңілдігі бар санатқа жатады. Ал 4,5 млн-нан астамы жарналарды өздері төлеп отыр. Біздің басты міндетіміз – сақтандырылған азаматтар санын одан әрі арттыру. Осы орайда жүйеге әлі кірмеген тұрғындарды МӘМС мүмкіндіктерімен жан-жақты танысуға шақырамын, – деді Аида Балаева.
Сондай-ақ, министр 2026 жылдан бастап МӘМС пакетінің айтарлықтай кеңейетінін атап өтті. Жаңа жылдан бастап оған қант диабеті, балалар церебралды сал ауруы, ревматизм және өзге де бірқатар созылмалы аурулар енгізіледі.
– Бұл санаттағы науқастар дәрігер консультациясын, қажетті дәрі-дәрмектер мен ем-шараларды толық көлемде міндетті медициналық сақтандыру аясында ала алады. Сонымен қатар, жүйе кең таралған басқа да ауруларды емдеу мен бақылауды өз мойнына алады. Мәселен, бүгінде 1,5 млн қазақстандық артериялық гипертензия диагнозымен есепте тұр. Жыл сайын осы аурудың асқынуынан 50 мыңнан астам инсульт пен инфаркт жағдайы тіркеледі, – деді министр.
Аида Балаеваның айтуынша, 2026 жылдан бастап аталған науқастарға көрсетілетін барлық қажетті медициналық қызмет медициналық сақтандыру есебінен қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, бақылау диагностикасы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, гемодиализ және бүйрек трансплантациясы МӘМС пакеті арқылы сақтандырылған азаматтарға қосымша шығынсыз қолжетімді болады.
– Алдағы жылдан бастап қант диабетімен ауыратын азаматтардың емделуі мен диспансерлік бақылауы толықтай міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне енгізіледі. Барлық жоспарлы қабылдау, қажетті зерттеулер мен дәрі-дәрмектер қосымша төлемсіз көрсетіледі. Ең басты шарт – науқас міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы керек, – деп түйіндеді Аида Балаева.