Кездесуде Халықаралық волонтерлер жылы аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, Қазақстан мен БҰҰ арасындағы еріктілік саласындағы серіктестікті одан әрі нығайту жолдары қарастырылды.
Аида Балаева бірлескен жобаларды жүзеге асыруға атсалысқан Тойли Курбанов пен оның командасына алғыс айтты. Министр Қазақстанның Халықаралық волонтерлер жылын жариялау жөніндегі бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдап, оны халықаралық деңгейде ілгерілетуге белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті.
"Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс Мемлекет басшысының тұрақты қолдауына ие. 2019 жылы Президенттің бастамасымен 2020 жылдың Волонтер жылы болып жариялануы бұл бағыттың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті. Бүгінде еріктілік қоғамның түрлі саласын қамтып, адамдарды ортақ мақсатқа біріктіріп отыр. Волонтерлік қызмет мәртебесінің Конституцияда бекітілуі де оның қоғамдық маңызын көрсетеді", – деді Аида Балаева.
Оның айтуынша, Халықаралық волонтерлер жылы еріктілікке қатысты жекелеген іс-шараларды өткізумен шектелмей, осы саланы ұзақ мерзімді дамытуға арналған нақты тетіктерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осы ретте министр волонтерлерді тіркеуге, олардың мәртебесі мен қызмет бағыттарын жүйелеуге мүмкіндік беретін бірыңғай халықаралық портал құру идеясын ұсынды.
"Мұндай платформа волонтерлердің қоғамға қосып отырған нақты үлесін бағалауға, қай бағыттарға сұраныстың жоғары екенін анықтауға және халықаралық деңгейдегі бірлескен жұмысты тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар еріктілерді қолдау мен ынталандырудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға жол ашады", – деді министр.
Тойли Курбанов Қазақстанның волонтерлік қозғалысты дамытудағы белсенді ұстанымын жоғары бағалады.
"Қазақстан бүгінде әлемдегі волонтерлік қозғалыстың маңызды орталықтарының біріне айналып келеді. Уақыт өте келе Халықаралық волонтерлер жылын жариялау бастамасының тарихи маңызы одан әрі айқындала түседі. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысынан бастау алды", – деді БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі.
Кездесу қорытындысында тараптар Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жобаларды іске асыруды және Қазақстандағы волонтерлік қозғалысты одан әрі дамыту бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
Айта кетейік, 20 тамызда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ТМД волонтерлерінің алғашқы форумы өтеді.