АИИБ Қазақстанның автомобиль жолдары саласындағы жобаларды қаржыландырмақ

1671

АИИБ-не Қазақстанды қоса алғанда 57 мемлекет мүше. 

АИИБ Қазақстанның автомобиль жолдары саласындағы жобаларды қаржыландырмақ

Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі "Орталық – Батыс" дәлізін реконструкциялау жобасын қаржыландыруға қызығушылық танытты, деп хабарлайды ИИДМ баспасөз қызметі.  

Айта кетсек, АИИБ-не Қазақстанды қоса алғанда 57 мемлекет мүше. Банктің негізгі мақсаты – Азия-Тынық мұхит аймағында қаржылық ынтымақтастықты ынталандыру, сондай-ақ Азиядағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру.

2019 жылы Қазақстанның мемлекеттік органдары мен банк өкілдерінің қатысуымен АИИБ тарапынан еліміздегі жобаларды қаржыландыру механизмдерін талқылауға арналған бірқатар шара өткен болатын. Банкке Нұр-Сұлтанды Қазақстанның батыс өңірлерімен байланыстыратын "Орталық – Батыс" дәлізін реконструкциялау жобасы ұсынылды. АИИБ өкілдері ҚР Үкіметі ресми түрде қызығушылық танытқан жағдайда аталмыш жобаны қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін айтты.

Айта кетейік, Қазақстанның автомобиль жолдары саласындағы жобалар 5 халықаралық қаржылық институттың қолдауымен іске асырылады. Осылайша Дүниежүзілік банктің қолдауымен "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" транзиттік дәлізінің  жалпы ұзындығы 1098 шақырымды құрайтын Қызылорда және Түркістан облыстарындағы учаскелерінің реконструкциясы жүргізілді.  Сонымен қатар, жоба аясында ұзындығы 85 шақырымды құрайтын "Күрті – Бурылбайтал" және 96 шақырымдық "Ұзынағаш – Отар" автомобиль жолдарының учаскелерінде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.

Еуропа Қайта құру және даму банкі де Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру шараларына белсене араласады. ЕҚҚДБ-нің қатысуымен "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізінің құрамына кіретін 102 шақырымдық "Ақтөбе – Мәртүк" пен ұзындығы 62 шақырымды құрайтын "Ташкент – Шымкент" жолдарын реконструкциялау жобалары жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда  ұзындығы 143 шақырымды құрайтын "Күрті – Бурылбайтал", 67 шақырымдық "Күрті – Қапшағай" және Атырау қаласының солтүстік айналма жолын қоса алғанда, жалпы ұзындығы 243 шақырым болатын "Атырау – РФ шекарасы (Астрахань)" жолдарын реконструкциялау жобалары жүзеге асырылуда.  

Азия Даму банкі "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізінің Жамбыл және Түркістан облыстарындағы жалпы ұзындығы 467 шақырым болатын учаскелерін реконструкциялау және 470 шақырымдық "Бейнеу – Ақтау" жолын реконструкциялау жобаларын қаржыландырды. Жалпы ұзындығы 299 шақырымды құрайтын "Ақтөбе – Мақат" жобасы іске асырылып жатыр.  

Ислам Даму банкі "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізінің ұзындығы 57 шақырымды құрайтын "Оңтүстік Қазақстан облысы – Тараз қаласы" учаскесін реконструкциялау жобасын қаржыландырды. Жапония Халықаралық Ынтымақтастық Агенттігінің қолдауымен "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізінің Жамбыл облысындағы учаскелерін реконструкциялау жобасы іске асырылды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу