Air Astana Airbus A321LR ұшақтарын жоғары жылдамдықты спутниктік Wi-Fi жүйесімен жабдықтауды бастады. Жоба спутниктік байланыс қызметтерін ұсынатын әлемдік SES компаниясымен бірлесіп жүзеге асты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Техникалық мамандар жабдықты әуекомпанияның базасында орнатты.
Жоғары жылдамдықты спутниктік Wi-Fi жүйесімен жабдықталған алғашқы Airbus A321LR ұшағы 29 қазанда Алматы–Ташкент бағыты бойынша интернет қосылған алғашқы рейсін орындады.
"Өткен жылы әуе кемелерінде спутниктік интернетті енгізуге қажетті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Халықаралық серіктестермен, спутниктік байланыс операторларымен және бейінді ұйымдармен бірлесіп, авиацияда геостационарлық емес спутниктік жүйелерді пайдалануға қойылатын талаптарды айқындадық. Бұл технологияны іс жүзінде енгізуге жол ашты. Air Astana-ның спутниктік байланыс жүйесімен жабдықталған алғашқы ұшағы осы жұмыстың нақты нәтижесі. Біз адамдардың сапар кезінде, соның ішінде пойызбен және ұшақпен жүргенде де, байланыста бола алуы үшін сапалы интернетке қолжетімділікті кеңейтуді жалғастырамыз", – деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
"Жоғары жылдамдықты Wi-Fi жолаушыларға ұшу кезінде интернетті пайдалануға және байланыста болуға мүмкіндік беріп, сапарды жайлы ете түседі. Сонымен қатар жабдықты өзіміздің техникалық мамандарымыздың орнатуы Air Astana-ның инженерлік құзыретін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Авиацияда спутниктік интернетті енгізуге қолдау көрсеткені үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Көлік министрлігіне алғыс айтамыз", – деді Air Astana бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел.
2027 жылғы 31 қаңтарға дейін промо-кезең аясында барлық жолаушы интернетті тегін пайдалана алады.
2027 жылғы 1 ақпаннан бастап Wi-Fi желісіне тегін қосылу мүмкіндігі бизнес-класс жолаушыларына және Nomad Club бағдарламасының Gold пен Diamond мәртебесі бар мүшелеріне қолжетімді болады.
Airbus A321LR әуе паркін жоғары жылдамдықты Wi-Fi жүйесімен жабдықтау жұмыстары 2027 жыл бойы кезең-кезеңімен жалғасады.