"Айбалта-2026" оқу-жаттығуы Қарағанды облысында аяқталды

135

​Қарағанды облысындағы "Спасск" оқу орталығының полигонында Қарулы күштер Құрлық әскерлері бөлімшелерінің қатысуымен өткен "Айбалта-2026" жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы мәресіне жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Айбалта-2026" оқу-жаттығуы Қарағанды облысында аяқталды Фото: Қорғаныс министрлігі

Жаттығу кезінде әскери бөлімшелер марш жасап, барлау жүргізді. Сондай-ақ шартты қарсыласты атыс арқылы жою бойынша оқу тапсырмаларын орындады.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – командирлер мен басқару органдарының бөлімшелер әрекетін жоспарлау және үйлестіру қабілетін жетілдіру, сондай-ақ әскери қызметшілердің даярлық деңгейін тексеру.

Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Ибатулиннің айтуынша, жаттығу әскери қызметшілерге тәжірибесін шыңдап, түрлі жағдайдағы өзара іс-қимылды жетілдіруге мүмкіндік берген.

"Оқу-жаттығу жеке құрамның даярлық деңгейін, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын және олардың түрлі жағдайда қойылған міндеттерді орындауға әзірлігін бағалауға мүмкіндік берді. Әрбір кезең – практикалық тәжірибе жинақтап, әскери қызметшілердің кәсіби машықтарын жетілдіруге және өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға жасалған мүмкіндік", – деді генерал-майор.

Жаттығу қорытындысында тапсырмаларды орындауда ерекше көзге түскен әскери қызметшілер Құрлық әскерлері бас қолбасшысының атынан грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Марапатталғандардың қатарында 31775 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі жауынгері қатардағы жауынгер Иван Помигалов та бар.

"Мұндай оқу-жаттығулар өзіңді нақты жағдайға жақын ортада сынауға, жаңа тәжірибе жинақтауға және әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді. Марапатқа ие болу мен үшін үлкен құрмет әрі кәсіби дағдыларымды жетілдіруге ынталандырады", – деді сарбаз.

Осылайша, "Айбалта-2026" оқу-жаттығуы әскери бөлімшелердің жауынгерлік даярлығын, кәсіби машығын және өзара үйлесімді әрекетін бағалауға мүмкіндік берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу