"Айбын-2026" жиынында дрондарды істен шығаратын техника таныстырылды

375

Ақмола облысында "Айбын-2026" халықаралық әскери-патриоттық жиыны басталды.   

"Айбын-2026" жиынында дрондарды істен шығаратын техника таныстырылды Фото: gov.kz

Жас өрендерді физикалық және интеллектуалдық тұрғыда дамытуға бағытталған додада еліміздің өңірлерінен бөлек, бірқатар шет мемлекеттердің де жасөспірімдері қатысып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бір апта бойы қатысушылар төрт бағыт бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Жас сарбаздар Бурабай бөктерінде бас қосты. Биыл жиынға әрқайсысында 15 адамнан тұратын, 50-ден астам команда келген. Оның ішінде Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей мен Өзбекстан құрамалары бар.

Жарысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков "Айбын" жиынының маңыздылығына тоқталды.

– Халықаралық "Айбын" жиыны – әртүрлі мемлекеттердің жастары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын, отансүйгіштік рухты қалыптастыратын, көшбасшылық қабілеттерді дамытып, әскери дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелейтін бірегей алаң. Бұл жиын әрбір қатысушы үшін жаңа тәжірибе, жаңа таныстықтар мен үлкен жетістіктерге бастайтын маңызды қадам болады деп сенемін, – деді ол.

Ашылу күні қонақтар мен жас қатысушылар заманауи әскери техника және атыс қаруларының үлгілерімен танысып, олардың техникалық және жауынгерлік мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.

Сонымен қатар ұйымдастырушылар "Жас сарбаз – Конституция қорғаушысы" атты зияткерлік ойынын өткізді. Аталған шара барысында әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері Қазақстан Республикасының Конституциясы, құқықтық мемлекеттің қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы білімдерін көрсетті.

Зияткерлік сайыс жастардың елдің басты заңына деген құрметін арттырып, мемлекеттік құрылым негіздері мен азаматтық жауапкершілік ұғымдарын терең түсінуге мүмкіндік берді.

Жарыстар шетелдік командалар, өңірлердің әскери-патриоттық клубтары, күштік құрылымдар және әскери оқу орындарының командалары арасында төрт бағыт бойынша өтетінін айта кету керек.

Сайыс бағдарламасында қатысушылар дене дайындығы бойынша өз мүмкіндіктерін сынайды. Ұлдар белтемірге тартылу жаттығуын орындаса, қыздар шалқасынан жатқан қалыпта денені көтеру нормативін тапсырады.

Сондай-ақ "Айбын дарыны" зияткерлік ойыны мен Smart Sarbaz робототехника жарыстары ұйымдастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу