Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіне ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы (Сталкинг) бойынша 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған қала тұрғыны алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам бірнеше жыл бойы бір әйелді оның қарсылығына қарамастан жүйелі түрде аңдыған.
Ол жәбірленушіге қайта-қайта телефон соғып, хабарламалар жіберіп, өзінің сезімін білдіруін тоқтатпаған.
Сонымен қатар әйелдің үйі мен жұмыс орнына барып, оның тыныштығын бұзуды жалғастырған. Мұндай әрекеттерден кейін жәбірленуші құқық қорғау органдарына арыз қалдырады.
Сот үкімімен азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ оған пробациялық бақылау белгіленді.
Қазіргі уақытта сотталған азамат Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіне алынып, сот белгілеген қоғамдық жұмыстарды атқарып жүр.