Талдықорған қаласында марқұм Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бесінші айыпталушы Нұрқияс Ілиясовтан жауап алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Досым Равиль Сакиев екеуміз "Эйфория" кафесіне бардық. Екі қыз – Дана мен Эльмира келді. Артынша Абзал, Азамат пен Шыңғыс келді. Көңіл көтеріп отырдық. Кейіннен Нұрбол мен Думан келді. Әңгімелесіп отырдық, сыра іштік. Сосын Нұрбол мен Думан бір жаққа кетіп қалды. Кафе жабылған соң, одан шығып, әңгімелесіп тұрған кезде Азамат пен Шыңғыс екеуінің біреуі "Нұрболды ұрып кетіпті. Барып, көмектесіп жіберейікші" деді. Кімдер сұрағанымда білмейтінін айтты", - деді сотталушы Нұрқияс Ілиясов.
Оның айтуынша, оқиға болған түні "Қамажай" дүкенінің алдында бір топ бала тұрған.
"Көліктен түсіп, амандасайын деп едім бәрі ашулы боп тұрды. "Жігіттер, не болып қалды? Не себепті ерегестіңдер?" деп сұрағанымда, сөзіме де жауап берген жоқ. Марқұм Шерзат мені келіп ұрып жіберді. Мен артқа қарай кішкене шегіндім, сол кезде Қаржаубай мырза дүкеннен пышақпен шықты. Ажиотаж болып жатқан кезде мылтық атылды. Бір рет атылды. Екінші рет оқтап жатқан кезде тартып аламын ба деп үлгеремін деп ойладым. Сол кезде марқұм Шерзат тағы да келіп мені ұрады. Артқа қарай шегінгенімде, екінші рет оқ атылады. Үшінші рет оқтайды да, "Бәріңді атамын, тоқтаңдар" деп артқа шегінеді. "Бауырым, таста мылтығыңды" деп бара жатқан кезде Шерзат құлап жатты ма, білмеймін, Нұрғанат барып көтеріп жатқан кезде мылтықты астынан жұлып үлгердім де, "прикладпен" екі мәрте ұрып жібердім. Сөйтіп айғай-шу болып кетті", - деді айыпталушы.
Мемлекеттік айыптаушы "Неге Ғайыпбаевқа соққы жасадыңыздар?" деп сұрады.
"Ол мылтықпен атқаны үшін ұрдым. Қалғандары не үшін ұрғанын білмеймін", - деді Нұрқияс Ілиясов.